Тұрғындардың медицина саласына, оның ішінде дәрігерлер қызметіне қатысты арыз-шағымдары азаймай тұр. Ақ халаттылар тарапынан этика және деонтология принциптерін сақтамау, науқастарға немқұрайлы немесе бей-жай қарау салдарынан туындаған дау жиі тіркеледі екен. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Алматыда медицина қызметкерлерінің, заңгерлердің және журналистердің басқосуы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шарада емделушілердің көп шағымданатын мәселелері жан-жақты талқыланып, адам өмірінің арашасы болған мамандардың міндеттері мен құқықтары жан-жақты қаралды.
«Бүгін осы жиналыста заң қызметкерлерін, медицина қызметкерлерін және журналистерді жинап отырмыз. Бұл жиналыстың мақсаты – медициналық қызметкерлердің жұмыс нәтижесін арттыру және құқықтық жағынан ақпараттандыру мен қорғау», – дейді "ҚДСЖМ" Қазақстандық медицина университетінің ректоры Ардақ ӘУЕЗОВА.