Қала басшысы Бостандық ауданындағы міндетті медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша 18 мыңға жуық адамға қызмет көрсететін «Керуен-Medicus» медициналық орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халыққа нейрохирургия, нейрореабилитация, урология және т.б. қызмет түрлері қолжетімді, сондай-ақ орталық босандыру, педиатрия, хирургия, маммология және т.б. бағыттар бойынша ақылы қызмет көрсетеді.
Клиникада 200-ден жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, мекеме заманауи жабдықтармен, атап айтқанда МРТ, компьютерлік томография, сәулелік диагностика және т.б. кабинеттермен жабдықталған.
Ерболат Досаев перзентханада болып, босанатын әйелді құттықтады. Орталық ашылған сәттен бастап (2008 ж.) оның қабырғасында 7,5 мыңға жуық бала дүниеге келді, 2022 жылдың басынан бастап 170 қыз бен ұл дүниеге келді.
Ұжыммен кездесу барысында Ерболат Досаев медициналық орталық қызметтерінің жоғары сапасын және денсаулық сақтау саласына жеке инвестициялаудың маңыздылығын атап өтті.
«Алдағы 3 жылда қаламыздың денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жаңғырту – менің жұмысымдағы басымдықтардың бірі. Өкінішке орай, соңғы жылдары бізде барлық заманауи стандарттарға сәйкес келетін бірде-бір жаңа көпбейінді аурухана пайда болған жоқ. Біз жағдайды өзгерте аламыз деп ойлаймын, бірақ бұл үшін уақыт қажет. Алдағы үш жылда жүйелі жұмыс жүргізу қажет», – деді қала басшысы.
Қазіргі уақытта «Керуен-Medicus» медициналық орталығында анағұрлым талап етілетін бағыттардың бірі ретінде босандыру қызметтерін дамыту және кеңейту үшін жаңа корпустың құрылысы жүргізілуде. 40 төсектік перзентхана құрылысы хирургия, нейрохирургия, ортопедия, травматология және балалар хирургиясы сияқты бағыттар бойынша клиниканың мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жаңа корпустың құрылысы аяқталғаннан кейін қосымша 150 жұмыс орны ашылады. Нысанды 2023 жылдың наурыз айында пайдалануға беру жоспарланған.