Қызылшаны қызылша вирусы деп аталатын өте жұқпалы вирус тудырады
Қызылша - әлемдегі ең жұқпалы және өлімге әкелетін аурулардың бірі. No36 қалалық емхананың директоры Гүлжайнат Тілегеннің айтуынша, қызылшамен ауырғандар бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн және одан кейін төрт күн жұқпалы болады. Бұл аурудың таралуын тежеуді қиындатады. Қызылша пневмония, энцефалит, тіпті өлім сияқты ауыр асқынуға әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қызылшаны қызылша вирусы деп аталатын өте жұқпалы вирус тудырады. Ауру жұқтырған адаммен байланысқанда, сондай-ақ ол жөтелгенде не түшкіргенде ауа тамшылары арқылы жұғады.Оған қарсы жалғыз және сенімді құрал - вакцинация.
- Қызылша ауруының ауыр зардаптарына балалар өте осал келеді. Шындығында, қызылша - дамушы елдердегі балалар өлімінің басты себебінің бірі. Вакцинация - балаларды қызылшадан қорғаудың ең тиімді әдісі. Вакцина қауіпсіз әрі тиімді және ауруға қарсы ұзақ мерзімді иммунитетті қамтамасыз етеді. Сол себепті вакцина ауруды емдеуден әлдеқайда арзан, - дейді Гүлжайнат Тілеген.
Балаларды қызылшадан қорғау үшін олардың вакцинациялануы өте маңызды, өйткені тек вакцина қызылшаның өршу қаупін азайтып, өмірді сақтауға көмектеседі.
- Бірінші егу 12 айлық балаларға, екіншісі олар 6 жасқа толғанда жүргізіледі. Қызылшамен ауыратын науқастардың көбеюіне байланысты Қазақстанда қызылша, қызамық және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізіліп жатыр. Қазір біздің емханада 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға егу жүргізіліп жатыр. Келесі айдан (1 желтоқсаннан) бастап 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балалар егіледі. Бұл ауру жұқтырған балалардың 60%-ының жоспарлы түрде екпе алмауына, көп жағдайда ата-аналарының екпеден бас тартуына байланысты, - деп толықтырды дәрігер.
Сөзінің соңында Гүлжайнат Тілеген Наурызбай аудандық СЭБД-мен бірлесіп профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын, оның аясында екпе науқанымен қатар, балаларға білім беру ұйымдарында вакцинациямен қамтудың шекті деңгейі кемінде 90%-ды құрауын қадағалау, сондай-ақ халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жалғасып жатқанын баса айтты.
Оқи отырыңыз: Петропавлдағы әскери институтта 15 курсант қызылша жұқтырған