Бұл туралы бұқаралық ақпарат өкілдерімен кездескен Денсаулық министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Қазір денсаулық сақтандыру қоры 2000-ға жуық мекемемен келісімге қол қойған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның 60 пайызы – жекеменшік медицина орталықтары. Еліміздің кез келген азаматы қорға тіркелсе де тіркелмесе де тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне кіретін барлық қызмет түрлерін пайдалана алады. Бұл сақтандыру қорының бірінші пакеті. Ал екінші қызмет пакеті қор арқылы сақтандырылған азаматқа беріледі. Сақтандырылған тұлғалар үшін консультациялық-диагностикалық көмек, бағасы қымбат болып келетін қызметтер, яғни компьютерлік томография (КТ), Магнитті-резонансты томография (МРТ) сияқты зертханалық қызметтер, дәрі-дәрмектер тегін болады.
«Біз бұрын ел қазынасынан мемлекеттік емханаларды, сапасына қарамай, қаржылай қамтамасыз етіп отыратын едік. Тұтынушы тек мемлекеттік мекемелерден ғана медициналық қызмет ала алатын еді. Енді ол модель жұмыс жасамайды. Бұл реформа басқа да медорталықтарға мүмкіндік ашып отыр. Яғни бәсекеге жол ашылды. Сапаның да түзелері белгілі. Медициналық сақтандыру қоры бүкіл мекемеден түскен қаржыны жинақтап, медициналық мекемелерге үлестіріп отырады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Бұдан бөлек, министр әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қызметтерді бақылауға, кеткен қаржының есебін шығарып отыруға ыңғайлы екенін алға тартты. Емханалардағы кезек қысқарып, сапалы қызметтерді тегін алуға, цифрлық жүйеленуге қол жеткізуге мол мүмкіндік бар. Сондай-ақ, бас дәрігер бұл реформаның есебінен ақ халаттылардың жалақысы да көтерілетінін айтты.
«Бізде жалақыны нарық бекітеді. Жақсы мамандар Ресейде де, Еуропада да, АҚШ-та да жетіспейді. Бірақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ережесіне сәйкес, дәрігерлердің жалақысы 2,5 есе жоғары көрсетілген. Яғни, мықты маманның орташа жалақысы 500-550 мың теңге болуы керек. Ал бізде бұл – 240 мың теңгені құрап отыр. Тәжірибесі жоқ жас дәрігерлердің жалақысы 160 мың теңге көлемінде болады деген ойдамыз. Сондықтан жаңа жүйе бұл мәселені шешуге жол ашады деп ойлаймын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.