Елімізде медициналық ұйымдардың кредиторлық қарызы 80 млрд теңгеден асты. 400-ден астам ұйым ұзақмерзімді несиелік берешек алған. Бұл туралы кеңейтілген алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстанда емдеу мекемелері несие алып, қарызға батып отыр. Сөзімізді салаға келген жаңа министр растады. Ақмарал Әлназарованың ақпарынша, елде қазіргі күні 400-ден астам медициналық ұйымның берешегі бар. Соңғы 3 жылда денсаулық сақтау жүйесіне бөлінген бюджет 2,5 есеге өскен. Соған қарамастан клиникалардың қарызы қатталып қалған.
– 400-ден астам ұйымның қарызы бар екені анықталды. Бұл жағдай тарифтердің жетілмеген жүйесі мен медициналық көмек көлемін айқындау ашықтығынының жоқтығы салдарынан болып отыр. Медициналық ұйымдардың басшылары өз кәсіпорындарының рентабелділігі мәселесін жеделдетіп шешуі керек. Ал несие қарызының қалай пайда болғаны егжей-тегжейлі тексеріледі. Бұл істе кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Салада сапасы сын көтермей тұрған қызметтің тағы бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Жүйенің шикілігін депутат Асхат Аймағамбетов бүгінге дейін мінберде талай айтты. Бұл жолы да бірқатар кемшілікті бас дәрігердің есіне қайта салды. Қазіргі күні қазақстандықтардың бұл қызметке деген сенімі жоғалғанын жеткізді. Онкологиялық қауіпті ауруларды сақтандыру жүйесіндегі дәрежесіне қарамай тегін емдеуді ұсынды.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің көпшілік алдында сенімнен айырылып, беделі түскені бәрімізге белгілі. Басы ауырып, балтыры сыздаған азаматтар жүйенің көмегін керек кезде көре алмайды. Тіпті дәрігерге жазылып алып, айлап күтуіне тура келеді. Ақыры амалы таусылғанда ақылы қызметке жүгініп жатады. Бұл жерде де олардың қалтасына салмақ түсетінін ескеру керек. Сонымен қоса, онкология мен онкогематология толығымен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қосылуы тиіс, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Қолжетімді медицина дегеннің өзіне қарашаның қазір қолы жетпейді. Осылай деген бас дәрігер бүгінде қазақстандықтардың емдеу мекемелеріне шағымы көбейгенін айтты. Өткен жылмен салыстырсақ, көрсеткіш 3,8 пайызға өскен. Ақ халаттылар қызметі ақсап тұрған өңірлер қатарында Алматы, Жетісу, Абай облыстары бар. Аймақтардағы мәселені министр біртіндеп шешуге бекініп отыр. Ол үшін салаға барынша ашықтық қажет деген ол жауаптыларға бірқатар міндет жүктеді.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Қазақстанның дәрі-дәрмек нарығында қандай өзгеріс болады