Шымкентте 3000-нан аса бала қызылшамен ауырып жатыр

30.11.2023 00:18

Қазақстанда қызылша жұқтырған 30 бала жансақтау бөлімінде жатыр

Almaty.tv

Қазақстанда қызылша жұқтырған 30 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Аталмыш ауру әсіресе, Шымкент қаласында өршіп тұр. Еліміз бойынша дертті жұқтырудан бірінші орында тұрған қалада жыл басынан бері қызылшамен 3000-нан астам бала ауырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Казибай Манасова – үш баланың анасы. Қызылшаның өршігенін естіген келіншек аурудан сақтану үшін кенжесін емханаға әкелген.

– Қазір ауру вакцина салдырмаған балаларға қатты әсер етті, жансақтау бөлімінде жатыр. Ал екпе алған балаларда жеңіл өтіп жатыр. Сол үшін екпе егуге келдік, – деді Шымкент қаласының тұрғыны Казибай Манасова.

Айта кетейік, еліміз бойынша қызылшамен 17 мыңнан астам бала ауырып, оның 30-ы жансақтау бөлімінде жатыр. Ал Шымкент қызылша жұқтырғандар бойынша көш басында тұр. Биыл қалада 3016 бала ауырды.

– 84,5 пайыз балалар ауырып жатыр. Олардың арасында 48 пайыз егуден бас тартқандар,15 пайыз егу жасына жетпегендер, 16 пайыз егулері белгісіз және медициналық шегеріммен егуді ала алмағандар бар, – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Шымкентке қосымша 34 050 вакцина партиясы жеткізілген. Ол 6 айдан 11 айға дейінгі және 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға, медицина қызметкерлері мен профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі тұрғындарға салынады.

Оқи отырыңыз: Алматыда қызылшаға қарсы екпе 5006 балаға салынды