Биыл 8 айда Нұр-Сұлтан қаласында вирустық менингиттен 240 адам емделген
Нұр-Сұлтан қаласында екі бала менингит жұқтырды. 4 және 5 жастағы қос балғын қазір елордадағы нөмірі үшінші көпбейінді қалалық балалар ауруханасында ем қабылдауда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аты жаман ауру шыққан балабақшаның бүлдіршіндері қатау бақылауда болмақ. Тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары бұл маусымдық ауру екенін алға тартып, алаңдауға еш негіз жоқ дейді.
Менингит жұқтырған қос балғын да № 30 «Қайнар» бала-бақшасының тәрбиеленушілері. Ауруханаға кезектесіп түскен олардың белгілері бірдей. Дене қызуы көтеріліп, іші өткен, әлсіреген. Олардағы «вирустық менингит» диагнозын дәрігерлер растап отыр.
«Иә, шынымен де ауруханамызға вирустық менингит жұқтырған екі балғын келіп түсті. Олар – №30- балабақшаның тәрбиеленушілері. Қазіргі таңда олардың жағдайы орташа ауырлықта деп бағалануда. Барлық халықаралық стандарттарға сай ем алып жатыр», – деді Нұр-Сұлтан қаласы №3 көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Иран ШАМЕТЕКОВ.
Ал Нұр-Сұлтандағы Тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары қос балғын да менингитті бұқаралық ақпарат құралдарында жазылғандай балабақшадан жұқтырмағанын айтады. Осы ретте балаларды вирустық жұқпа өрши түсетін тұста адам көп шоғырланған жерге апармауға кеңес береді.
«Балғындар вирустық менингитті балабақшадан жұқтырмағанын айтып өткім келеді. Десе де, ауру тіркелген топқа шектеу іс-шаралары енгізілді. Оған сәйкес жаңа балаларды қабылдауға және бүлдіршіндерді басқа топқа ауыстыруға тыйым салынған. Бұдан бөлек, топ тәрбиеленушілерінің бұқаралық іс-шараларға қатысуына да шектеу қойылған. Науқас бөбектермен байланыста болған балалар 14 күн бойы медициналық бақылауда болады», – деді Нұр-Сұлтан қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ.
Маманның сөзінше, вирустық менингит бактериялы немесе іріңді менингит сияқты қауіпті емес. Егер белгілері пайда болса, үйде жатып, өздігінен ем қабылдамай, дереу ақ халаттылардың көмегіне жүгінген жөн. Ал оны жұқтырмас үшін, қарапайым тазалық шараларын ұстану қажет, дейді мамандар.
«Вирус су, көкөніс, жеміс, тамақ арқылы беріледі. Кейде оны бассейндерде де жұқтырып жатады. Сондықтан дәл қазір балаларды хауыздарға апармаған абзал. Вирустық минингит «лас қол» ауруы деп жатады. Қарапайым тазалық шараларын ұстану қажет. Жалпы балалардың иммундық жүйесін қатайту керек. Себебі маусымдық ауру болған соң, алғашқы қар түскенге дейін жұқпаның әлі де өршуі мүмкін», – деді Нұр-Сұлтан қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ.
Ведомтсвоның мәліметінше, биылғы 8 айда Нұр-Сұлтан қаласындағы жұқпалы стационарларда вирустық менингиттен 240 адам емделген. Оның 173-і бала. Жұқпалы аурудан қазір де емделіп жатқандар бар. Менингит диагнозомен 58 бала және үш ересек адам ем қабылдауда.