Қартайған шағында өз бетінше жүріп-тұруға мүмкіндік сыйлаған дәрігерлерге әжей дән риза
Жамбас сүйегі сынғаннан кейін бұлшық еттері семіп, екі айдан астам уақыттан бері төсекке таңылып қалған 80 жастағы әжей Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ОҚКА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Клиниканың ортопедия бөлімі меңгерушісі Қанат Тәуекелов кейуананың оң жақ жамбас буынын алмастырып, күрделі ота жасады. Биополярлық эндопротездеу деп аталатын операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде жасалды.
«Буын эндопротезіне арналған жаңа материалдар өте берік болып келеді әрі адам ағзасына тез бейімделеді. Бұл материалдар орта есеппен алғанда 15-20 жыл, көп жағдайларда 30 жылға дейін қызмет етеді. Тозғаннан кейін эндопротезді жаңасына ауыстыруға болады. Бұл операция 45 минутқа созылды. Пациент екінші күні-ақ отыра бастады, бұл отаның сәтті өткенін білдіреді», - дейді дәрігер.
Қазір ол реабилитацияның екінші кезеңінен өтіп жатыр.
Орталық клиникалық ауруханың реабилитация бөлімі меңгерушісі Айгүл Төреқұлованың айтуынша, реабилитация роботтандырылған «Локомат» ортопедиялық тренажерының көмегімен жүргізіледі.
«Адам организмі инсульт, ми кемігі мен ми жарақатынан кейін, жамбас, тізе буындарын алмастырған соң жүру қабілетін жоғалтады. Аталған жоғары технологиялық қондырғы оларды жүруге бейімдеп, аяққа тұрғызуға мүмкіндік береді», - дейді бөлім меңгерушісі.
Қартайған шағында өз бетінше жүріп-тұруға мүмкіндік сыйлаған дәрігерлерге әжей дән риза.
«Жүре алмай қалған соң сарыуайымға салындым. Бір қадам жасаудың өзі мұң болды. Маған осынша қуаныш сыйлаған білікті дәрігерлер мен жаны мейірімге толы медбикелерге айтар алғысым шексіз», - дейді апа.
Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әблдаев қазіргі таңда мұндай жоғары технологиялы операциялар ақысы МӘМС арқылы төленетінін атап өтті.
«Қаладағы медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасы мен білікті мамандардың арқасында жамбас пен тізе буындарын алмастыру, жүрекке дифебриллятор қою, бас сүйек ішіндегі артерияларға стент қою, аневризмге шалдыққан тамырға эндоваскулярлық эмболизация жасау сынды тағы да басқа күрделі ота түрлерін жасауға мүмкіндік береді. Олардың құны 1,5-6 млн теңгеге аралығын құрайды», - дейді Тілеухан Әбілдаев.