Алматыда әлемнің жетекші дәрігерлерінің қатысуымен неврология, нейрохирургия және нейрофизиологиядағы өзекті мәселелер талқыланып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
XXV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда отандық және Германия, Аустралия, Жаңа Зеландия сынды елдерден келген мамандар бас қосты. Жиналғандар жүйке жүйесі ауруларын ерте анықтаудағы тың тәжірибелерін бөлісіп, зерттеулерді ортаға салды.
Айта кетейік, биыл кезекті рет ұйымдастырылған ғылыми басқосу С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ кафедрасының 90 жылдық мерейтойына арналған.
– Елімізде жүйке жүйесі аурулары көбейіп келе жатыр. Конфренцияда қантамыры, дегенеративті аурулар, соның ішінде склероз, бұлшықет аурулары талқыланып жатыр, – деді С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Жүйке жүйесі аурулары кафедрасының доценті Роза Нұржанова.
– Қазір әлемде, соның ішінде Қазақстанда тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы артып келе жатқаны байқалады. Соның ішінде азаматтарымыздың 10 пайызынан астамын егде жастағы адамдар құрайды. Сондықтан жүйке жүйесі ауруларының, яғни деменция сынды аурулардың алдын алу, ерте диагностикалау және тағы да басқа өзекті тақырыптарды зерттеулермен бөлісудің маңызы зор, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас неврологы Сәуле Тұрысбекова.
Оқи отырыңыз: Күйзеліс жүрек ауруының даму қаупін арттырады