Жамбыл облысында жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар артып жатыр. Сыртқаттанғандар саны орташа статистикалық деректерден 4 есе асып түсті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Жамбыл облыстық санитария-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпараты бойынша, 2023 жылғы 1 қазаннан бері өңірде жедел респираторлық вирустық инфекциямен 86 мыңнан астам адам ауырған, оның 64% астамы 14 жасқа толмаған бала.
Қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы Жамбыл облыстық санитария-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жетекшісі Байділдә Шыналиев айтып берді.
- Эпидемиялық маусым басталғалы тұмау айналымын анықтау үшін жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырған науқастардан 240-тан астам материал алынып, зерттелді. Нәтижесінде А типті тұмау вирусы мен басқа да тұмауға жатпайтын вирус түрлері (паратұмау, риновирустар, адновирустар, РС-вирустар) тарап жатқаны анықталды. Ауырған адамдар саны бойынша тұмау мен басқа да ЖРВИ бірінші орында тұр. Жыл сайын күз бен қыста тұмау мен ЖРВИ жұқтырғандар саны артады. Оған, бірінші кезекте, метеорологиялық жағдай, нақтырақ айтқанда күннің суытуы, ылғалдың көбеюі себеп болып, ағзаның табиғи иммунитетін төмендетеді, - деді ол.
Негізгі алдын алу шаралары ретінде Байділдә Шыналиев сыртқаттанғандар үйде қалып, басқа адамдарға жұқтырып алу қаупін төндірмеуі қажет дейді.
- Қолды таза ұстау маңызды рөл атқарады. Жиірек сабынмен жуып, дезинфекция құралын пайдаланған абзал. Жуылмаған қолмен ауыз, мұрын, көзді ұстауға болмайды. Үй мен жұмыста тазалық сақтап, жөтеліп жүрген адамдармен сөйлесуден қашу керек. Жөтелген немесе түшкірген кезде мұрын мен ауызды қолмен жабыңыз. Ұйқыны қандырып, дұрыс тамақтанып, жиі қозғалып, салауатты өмір салтын ұстанған дұрыс. Отырған жердің ауасын тазартып, ылғалдандырып тұрыңыз. Адам көп жиналған жерлерле маска тағыңыз. Екпе жасату өте маңызды, ал вирустық инфекцияның қандай да бір белгілерін байқасаңыз, дәрігерге жүгініңіз, - деп кеңес берді Байділдә Шыналиев.
Ведомство ақпараты бойынша, тұмауға қарсы екпе жұмысы Жамбыл облысында эмидемия алдындағы маусымда жүргізілді, қауіп тобындағы 97 522 адам екпе алды.
Оқи отырыңыз: Ауыздан шығатын жағымсыз иіс ішегіңіз ауыратынын білдіруі мүмкін