Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар өздері «жасырын сатып алушы» ретінде мемлекеттік орган қызметкерлерінің кемшіліктерін анықтағысы келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы №1 қалалық емхананың қызметкерлерімен кездесу барысында облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев айтты. Оның айтуынша, бақылау шаралары кезінде көптеген жайттарды анықтауға болады. Денсаулық сақтау саласында жасырын сатып алушылар салғырттық әрекеттерге жиі тап болды.
Атап айтқанда, Қызылжар аудандық емханасы мен қалалық емханаларда медициналық мекемеге «жасырын сатып алушыны» тіркеу үшін жеке куәліктің көшірмесін талап еткен. Алайда, мемлекеттік қызмет көрсету талаптарында бұл жағдай қарастырылмаған. Call-орталықтардың бірінде тіркеудің белгілі бір күндері және арнайы уақытта ғана жүргізілетінін хабарлады.
«Қызылжар аудандық ауруханасында тұрғындардың басым бөлігі дәрігердің қабылдауына жазылу үшін және тіркелу үшін емханаға баруға мәжбүр. Мүнда осы қызмет түрлері электронды түрде жүргізілмейді. Сондай-ақ, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан тұрғындарынан аудандық емханада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жағдай жасалмағаны туралы хабар түсті», - деді Ж.Жұмабаев.
Делдалдардың заңсыз әрекеттерін анықтау үшін департамент интернет-ресурстарға мониторинг жасап жатыр. Ж.Жұмабаевтың айтуынша, мұндай «делдалдар» былтырдан бері көзге түспеген. Маусымда белгілі төлем үшін медициналық көмек ұсыну туралы хабарлама шыққан.
«Қоңырауға бойжеткен жауап берді. «Жасырын сатып алушы» 086У анықтамасын жасауға қызығушылық танытатынын білдірді. Ол анықтама алушының қай емханаға тіркелгенін және қайда жұмыс істейтінін сұрады.
«Жасырын сатып алушы» №1ші қалалық емханаға тіркелгенін және дүкенде жұмыс істейтінін айтты. Кейінірек бойжеткен өзі қоңырау шалып, анықтаманың 7 мың теңге тұратынын және оны алу үшін Whatsapp арқылы жеке куәліктің суретін, жұмыс істейтін орнының толық атауын жазып жіберуін сұрады», - деді Ж.Жұмабаев.
Департамент осы факті бойынша «The Last hope» ҮЕҰ-мен бірлесіп хабарлама авторымен кездесу ұйымдастырды.
«Кездесу барысында бойжеткен №1 қалалық емхана арқылы жалған 086У медициналық анықтамасын ғана емес, тәулігіне 1 500 теңге төлеп жалған еңбекке жарамсыздық парағын ашуға болатынын айтты. Бұл материал Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментіне жіберілді», - деп хабарлады Ж.Жұмабаев.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.