Абай облысы Мақаншы ауданының ауруханасында науқастарға мерзімі өткен анестезия препараттарын қолданған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мақаншы аудандық прокуратурасы денсаулық сақтау мекемесін тексерді.
«Тексеру барысында дәрі-дәрмектің дұрыс сақталмауы, есірткі заттары бар ампулалардың уақтылы жойылмауы және дәрі-дәрмектердің дұрыс тағайындалмауы анықталды. Сонымен қатар, ота жасау кезінде науқастарға мерзімі өтіп кеткен «Кетам» анестезия (наркоз) препараттарын қолдану фактілері орын алған», - деп хабарлады прокуратура.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде медициналық мекеменің 12 қызметкері тәртіптік жазаға тартылып, ӘҚБтК-нің 426-бабы (фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша 1,5 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.