Елімізде А гепатитін жұқтырушылар саны артты

28.03.2024 19:41

Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары

Almaty TV

Қазақстанда А гепатитін жұқтырушылар саны күрт өсті. Биыл республикада 850 жағдай тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары. Індеттің ілмегіне іліккендердің басым бөлігі балалар. Жұқпаның тез таралуын мамандар көктемнің келуімен байланыстырып отыр. Олардың айтуынша, эпидемиялық ахуал әр бес жыл сайын қайталанып отыратын көрінеді.

– Алматы қаласы бойынша 196 жағдай тіркелді. Ауырғандардың көбі - 14 жасқа дейінгі балалар. Басым бөлігі вирусқа қарсы екпе алмаған. Ауруды олар түрлі жолмен жұқтыруы мүмкін, – деді қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

А вирустық гепатитінің таралуы әсіресе, көктем кезінде жиілейді. Оның алғашқы белгілері дене қызуы көтеріліп, тамаққа тәбет күрт төмендейді. Мұнымен қоса, бас айналу, әлсіздік байқалады. Аурудан сақтану үшін мамандар «ең алдымен жеке бас тазалығына мұқият болған жөн» дейді. Жуылмаған көкөніс, жеміс-жидекті тұтынбауға кеңес береді.

– Қарапайым тазалық ережелерін сақтамағаннан ауру жұқтырады. Кез келген адам сырттан үйге келгенде бірден қолды жууы керек. Ашық су қоймаларынан алынған суды қайнатпай ішуге болмайды. Сондай-ақ онымен жеміс, көкөністерді жууға болмайды. Ластанған су айдындарында шомылу – вирусты жұқтырудың негізгі жолы, – деді инфекционист дәрігер Тамара Утағанова.

Оқи отырыңыз: Бруцеллез: СҚО-дағы 5 ауданда қауіпті дерт тіркелді