Ішек инфекциясын жұқтарғандар аудандық ауруханаға орналастырылды
Жетісу облысы Қабанбай ауылында тойға барған 20 адам уланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 28 тамызда Алакөл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына аудандық ауруханадан хабар түскен.
Хабарламада «Инфекцияның шығу тегі белгісіз және анықталмаған гастроэнтерит, колит» деген диагнозбен 20 адам тіркелген делінген.
- Алакөл орталық аудандық ауруханасында зардап шеккен барлық науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Оның11-і жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды, қалған 9-ы ауруханаға жатудан бас тартты. Науқастардың жағдайы бірқалыпты, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау департаменті.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес эпидемиологиялық тергеу басталды.
-Тергеу барысында эпидемиологиялық жағдайға сәйкес 27 тамызда Қабанбай ауылының «Шағала» мейрамханасында өткен үйлену тойында дайын тағамдарды тұтынумен байланысты екені анықталды. Облыстық және аудандық мүдделі органдарға хат жолданды, - деп атап өтті Жетісу облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары.
Оқи отырыңыз: Биыл елімізде 382 мың бала мектепке алғаш рет барады