Аймақта 380 адам есепте тұр
ШҚО-да туберкулезден қайтыс болғандардың саны 40 пайызға көбейген. Биыл аймақта аталмыш дерттен 10 адам ажал құшқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Қазақстанда туберкулез індеті бар. Мұндай шешім жаңа жағдай жиі тіркеліп, ауру түрінің қайталануы байқалғанда және 100 мың адамның онында дерт кездессе, шығарылады. Ал елдің шығысында бұл көрсеткіш – 23,7-ге жеткен. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ұлытау мен Қызылорда облысында 29 дерек тіркеледі. Жағдайды қалыпқа келтіру әрі өлім-жітімді азайту үшін елімізде түрлі іс-шара жүргізіліп жатыр. Бірақ науқастың өзі көмекке жүгінбесе, дәрігерлердің қолынан келер шара жоқ.
– Науқастар жыл сайын флюрографиялық, диагностикалық-лабораториялық тексерістен өтіп тұруы керек. Егер 2 аптадан ұзақ жөтелу, әлсіздік, жүдеу, түнде тершеңдік белгілері пайда болса, науқастар дәрігерге қаралып, қақырық талдауын тапсыруы керек, – деді Фтизиопулмонологиялық орталық бас дәрігерінің орынбасары Болатбек Елшібеков.
Ал емдеудің заманға сай әдістері халі мүшкіл науқастың өзін аяққа тұрғызуға қауқарлы. Дмитрий Сысоев 3 жыл бұрын жағдайының нашар болғанын, тіпті, 35 келі салмақ тастап, өмірімен қош айтысуға дайын болғанын жасырмайды. Ал диспансерге ол сал күйінде түскен.
– Алдымен дәрігерлер мүгедектер арбасына салып жүргізді. Ақырын аяғымды қимылдата бастадым. Жағдайым жақсы, – деді науқас Дмитрий Сысоев.
Қиын жағдайға тап болып, арқа сүйер ешкімі қалмаған жалғызбасты науқастарға емханада әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Орталықта тұрғылықты жері жоқ адамдар тәулік бойы тұра алады. Мемлекет тарапынан да айына 20 мың теңгенің көлемінде жәрдемақы беріледі.
– Емханаға жетуі үшін 5 мың теңге береміз. Егер науқастың ауруханаға күнделікті барып келуі қажет болса, шешім өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ әлеуметтік төлем рәсімдейміз. Бұрын Өскемен қаласында жәрдемақы жылына бір рет берілсе, қазір ай сайын бөлінеді, – деді ЖИТС, Туберкулез және безгекпен күрес жөнiндегi жаһандық қордың үйлестірушісі Елена Поплёвка.
Қазір аймақта 380 адам туберкулез диагнозымен есепте тұр. Өткен 7 айдағы көрсеткішке сай, 230 науқас емделіп шықты. Бірақ науқастар дәрігерлердің қарауында болады.
Рүстем Айткәрім, Руслан Мухамедьяров, «Алматы» телеарнасы, ШҚО
Оқи отырыңыз: Елімізде 9 мыңнан астам қазақстандыққа арнайы әлеуметтік төлем төленді