Жылыту маусымы: Ақтаудағы төрт шағынауданда құбырлар ауыстырылады

21.08.2024 20:23

Жылу жүйесінің ұзындығы - 3,2 шақырым

Almaty.tv

Ақтауда жылыту маусымына дейін төрт шағынаудандағы жылу жүйесі толық жаңарады. Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 3,2 шақырым жылу құбыры ауыстырылуы тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр жылу маусымында өңірде үлкен сабақ болды. Әр жерден құбыр жарылып, көпқабатты үйлер жылусыз қалып жатты. Өңірде желінің тозығы жеткен. Былтыр 27-ықшаауданында да жылу құбыры бірнеше рет жарылып, тұрғындар қыста бүрсең қағып шыққан. Жылдағы жағдай қайталанбау үшін мамандар тозған құбырларды қазып алып, орнына жаңасын төсеп жатыр.

– Жұмыстың көптігіне байланысты қыркүйектің аяғына дейін алты күннен жұмыс істеп жатырмыз. Ескі құбырларға 30 жыл болған, ал жағадан салынған құбыр да 30 жылға жарайды, – деді құрылыс учаскесінің бастығы Мұрат Ермұхаммедов.

Ақтаудағы жылу, ауыз су және кәріз жүйесінің күтіміне мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жауапты. Мекеме басшысы Ислам Үсеновтің айтуынша, биыл 11, 12А, 13 және 27-шағынаудандарда жылу құбырлары ауыстырылады. Қалған аймақтардағы жұмысты келер жылы жалғастыру жоспарланған.

– Осы шағынаудандарда былтыр көп апат болды, ақаулар шықты. Құбырлар  шамамен 80 пайыз тозған. Ауыз су, техникалық су құбырларын да ауыстырып жатырмыз, – деді «Каспий жылу, су арнасы» МКҚ басшысының міндетін атқарушы Ислам Үсенов.

Шағынаудандарда жылу жүйесін жаңалау шілдеде басталды. Межеленген мерзімнен бұрын жұмысты аяқтау мақсатында мамандар күшейтілген режимге ауысты.

Айта кетейік, Ақтауда 2022 жылдан бері желісі тозған ықшамаудандарда жылу қазандығы орнатылды. Озық үлгідегі технология орталықтандырылған құбыр арқылы көпқабатты үйлерге жылу берілуін автоматты түрде реттеп отырады. Маңғыстау облысында 15 қазаннан бастап елдімекендерге жылу қосылады.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қызылорда облысындағы мектептер жаңа оқу жылына дайын емес