|
24.08.2022 | 14:49
2680

«Қатерлі ісік үкім емес»: алматылық дәрігер скринингтің маңызын айтты

Осы жылдың 6 айында Алматы қаласы бойынша 2363 пациенттен қатерлі ісік анықталған

«Қатерлі ісік үкім емес»: алматылық дәрігер скринингтің маңызын айтты vitaline.clinic

Онкологиялық сырқат көп жағдайда біраз уақытқа дейін ешқандай белгі бермейді, оның қауіптілігі де осында. Әдетте ауру симптомдары үшінші немесе төртінші сатыда ғана біліне бастайды. Сондықтан қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында жоспарлы скринингтерден уақытылы өтіп тұру қажет. Бұл туралы Алматы онкологиялық орталығының клиника-диагностика бөлімі меңгерушісі Нәйля Ақжолова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv

Айтуынша, қатерлі ісік ұзақ уақыт бойы қалыптасып жетіледі. Сол себепті ерте анықталған жағдайда аурудың асқынуына жол бермей, уақытылы ем-дом жасауға мүмкіндік бар.

«Ең алдымен, дер кезінде жасалған диагностика обырды бастапқы сатыда анықтап, науқасты емдеп жазуға мүмкіндік беретінін айтқым келеді. Бастапқы сатысында қатерлі ісіктен құлан-таза айығып кетуге болады. Ал үшінші, төртінші сатыда ем-домның ауыр түрлері, химиотерапия, радикалды операциялар қолданылады. Ісікпен кішігірім кезінде, пайда болған кезде күрескен жеңіл, үлкейіп кеткенде ол пациент өміріне қауіп төндіреді»,дейді маман

Тиімділігі дәлелденген скрининг түрлері:

- 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерді сүт безі обырына мамографиялық скринингтен өткізу – 2 жылда 1 рет;

- 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдерді жатыр мойны обырына цитологиялық скринингтен өткізу – 4 жылда 1 рет;

- 50 мен 70 жас аралағында қан арқылы, колоноскопия әдісімен тоқ ішек/тік ішек обырына тексеру – 2 жылда 1 рет; 

Осы жылдың 6 айында Алматы қаласы бойынша 2363 пациенттен қатерлі ісік анықталып, диспансерлік есепке алынған. Құрылымдық тұрғыдан алғанда бірінші орында сүт безі обыры, екінші – колоректалды обыр, үшінші – өкпе обыры, төртінші орында – асқазан обыры тұр.

Естеріңізге сала кетсек, тұрғындар скринингтен тіркелген емхана арқылы өтеді. Скринингке учаскелік медбике шақыруы тиіс. Жоспарлы тексеруден өтетін жасқа жеткен азаматтар емханаға өздері хабарласса да болады. Сонымен қатар, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 87-бабына сәйкес, жұмыс берушілер скринигтен өтетін жұмыскерлерді бір күнге жұмыстан босатуға міндетті.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир