Жалған құжат толтырумен күрес: емханаларда Face-ID жүйесі енгізеді

08.09.2024 19:48

Жоба 1 қаңтардан бастап бүкіл республика бойынша енгізіледі

Almaty.tv

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің айқындылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметті бұрамалаудың (жалған құжат толтыру) алдын алу бойынша қабылданып жатқан жаңа шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, жалған құжаттармен күрестегі негізгі құрал – науқастарға медициналық қызметтерді көрсету фактісін растайтын Face-ID енгізуді қоса алғанда басқа да цифрлық технологиялар болмақ.

Министрлік Астанадағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек бойынша республикалық емхана базасында пилоттық жобаны іске қосты. Жоба аясында науқастар Face-ID және веб-камера көмегімен жеке басының сәйкестігін анықтайтын болады, бұл оларға көрсетілген қызмет туралы деректердің бұрмалануына жол бермеуге септік етеді.

«Осы жылдың соңына дейін біз Астанада пилоттық жобаны іске асырамыз, ал 1 қаңтардан бастап оны бүкіл республика бойынша ауқымын кеңейтіп таратуды жоспарлап отырмыз. Бұл жалған құжат толтыруды түбірімен жоқ қылатын тиімді құрал болады», - деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Биометриялық жеке бас сәйкестігін анықтау жүйесі көрсетілген қызметтерді нақты тіркеуді қамтамасыз етеді, бұл науқастардың дәрігерге қаралуы туралы жалған есеп жазуға мүмкіндік бермейді, сәйкесінше бюджет қаржысының да, сақтандырылған азаматтардың жарнасының да мақсатсыз жұмсалуының алдын алады.

Оқи отырыңыз: Даму бала: секциялар мен үйірмелер жұмысы FaceID жүйесі арқылы бақыланбақ