Қызылша ауруы: СҚО-да вирус жұқтырғандар саны артты

19.02.2024 19:54

Облыста 300 егу пункті жұмыс істейді

Almaty.tv

СҚО-да вирусты қызылша ауруы белең алып келеді. Биыл өңірде 171 жағдай расталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

СҚО-да жұқпалы індетті жұқтырған науқастардың саны күрт көбейді. Әсіресе сырқаттанған балалардың саны артқан. Статистикаға сүйенсек, дертке шалдыққандардың 52 пайызы - 14 жасқа дейінгі жеткіншектер. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында да ауру дендеп барады. Қызылша балабақшадан бастап, Ұлттық ұлан академиясына дейін, барлық оқу орындарында анықталған. Алайда мекемелерде шектеу шаралары әлі қолға алынбаған.

– Қаламызда қызылша ауруы өте көп. Балабақшаға барғанда көремін, көп таныстар ауырып жатыр. Мектепте де балалар қызылшамен ауырады. Ал біз қызылшаның екпесін салдық, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Арман Айтбаева

Өңірде қызылшаның 412 расталған жағдайы тіркелді. Оның 171-і - жыл басынан тіркелген. Науқастардың дені – Петропавл қаласының тұрғындары. Өңірлік стационарларда 300-ден астам азамат емделді.

– СҚО-да стационарлық емдеуде 9 адам жатыр, амбулаторлық емдеуге 17 адам, оның 10-ы - бала, 1-і - жүкті әйел. Жансақтау бөлімінде ешкім жоқ, – деді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлау.

Тұрақсыз эпидахуалға төтеп беру үшін өңірде халықты қосымша жаппай иммундау жұмыстары жүргізілуде. Облыста 300 егу пункті жұмыс істейді, оның 95-і - жылжымалы. Мамандардың мәліметінше, ауруды жұқтарғандардың 85 пайызы - вакцина алмағандар.

– Бүгінгі таңда облыста қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау барысында 74.9 пайыз екпе егілді. Демек, 19608 адам, оның ішінде жастар арасында 2053 тұрғын, 2-4 жастағы балалар арасында 1335 бала, 1912 медициналық қызметкерге вакцина салды, – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Жұқпалы дерттің алдын алып, асқынуын болдырмаудың жалғыз жолы – екпе алу. Қазір облыста қызылшаға қарсы вакцинаның 28 мыңға жуық дозасы бар. Қосымша жаппай иммундауға өңір бойынша 92 миллион теңге бөлінген.

Әйкерім Пернебек, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы,  СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қан айналу жүйесі: алматылық дәрігерлер ер адамның өмірін сақтап қалды