Нарықтағы отандық өндірушілердің үлесі небәрі 13 пайыз ғана
Отандық дәрі-дәрмек өндірушілер үш ауысымдық форматта жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпартқа сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, отандық дәрі-дәрмек өндірушілері үш ауысымдық жұмыс форматына көшіп, өндірістің барынша жоғары қуатын жолға қойды. Олар бөлшек сауда мен амбулаторлық және стационарлық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін де өнімдерді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етіп отыр.
Бұл жоғары деңгейдегі кездесулердің нәтижесі. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен еліміздің бас дәрігері Алексей Цой 25 отандық фармацевтикалық зауытпен және дистрибьюторлармен нарықты неғұрлым сұранысқа ие дәрілік препараттармен жедел қамтамасыз ету туралы келісімге қол жеткізген болатын.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, нарықтағы отандық өндірушілердің үлесі небәрі 13 пайызды ғана құрап отыр. Дегенмен, отандық медициналық препараттарды өндірушілерді қолдау мақсатында құрылған Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» компаниясы олармен 10 жылға ұзақмерзімді келісімшарт жасасқан. Нәтижесінде отандық өндірушілерден препараттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу көлемі бірнеше есеге артты.
«Бүгінгі таңда Бірыңғай дистрибьютор номенклатурасының 50 пайызы отандық дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардан тұрады», – деді Людмила Бюрабекова.