Елімізде балалар арасында тіс ауруы асқынып тұр

07.06.2022 23:45

Балалар арасында асқынып тұрған тағы бір дерт – бүйрек ауруы

газета.ру

Елімізде балалар арасында тіс ауруы асқынып тұр. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Медицина және денсаулық сақтау факультетінің профессоры Клара Шалабаева дәрігер көмегіне жүгінетін аналардың 80 пайызы осындай шағыммен келетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, 2-3 жастағы балалардың басым көпшілігінің тіс жегі зақымданған. Бұл ретте бүлдіршіндерді дәрігердің тексеруінен уақытылы өткізу аса маңызды дейді маман.

«Тіс ауруының түрлі себебі бар. Оның бірі – тәтті тағамдарды көп тұтынудан болса, ендігісі бала ағзасына кальций жетіспеушілігінен тіс құрттайды. Кейде аналар баласына тәтті бермесе де, тістерінің бүлініп жатқанын айтады. Демек оның бойында кальций аз, құнарсыз тамақ жейді деген сөз. Дүкендегі зиянды тағамдардан бас тартқан абзал», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Медицина және денсаулық сақтау факультетінің профессоры Клара Шалабаева.

Балалар арасында асқынып тұрған тағы бір дерт – бүйрек ауруы. Салдарынан зәр шығару жолдары бұзылып, түрлі ауруға әкелуі мүмкін. Дәрігерлер олардың күнделікті тұтынатын тағамдарын қадағалаған жөн.

«Аурудың алғашқы белгілері баланың бойында ұзақ күнге созылған дене қызуы болады, зәрінің түсі өзгереді және келу уақыты жиілейді», – деді №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының нефрология бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Алпысбаева.