Нұр-Сұлтанда бүйрегін алмастырған келіншек дүниеге сәбиін аман-есен әкелді. Өз өмірін тәуекелге тіккен батыл әйел кеше қызымен бірге үйіне шығарылды. Бірегей ота мен ем-дом Нұр-Сұлтан қаласы №2 көпбейінді ауруханасының базасындағы республикалық критикалық акушерлік орталықта жүргізілген. Жаңа босанған ананы елордадағы тілшілеріміз құттықтап, тілдесіп қайтты.
Аты-жөні мен бет-жүзін жасыруды өтінген азаматшаның қуанышында шек жоқ. Айтуынша, сәбилі боламын деп көп армандаған. Туабітті бүйрек жетіспеушілігімен сырқат ол ана болу үшін осыдан алты жыл бұрын бүйрек трансплантациясына бел буыпты. Оның әкесі донор болғанын айтады.
«Әрине, жүктілік кезі мен босанудан кейінгі уақыт біраз ауыр тиді. Әсірес, гемоглабинім түсіп, әлсіреп қалатынмын. Бірақ сәбиімді қолыма алып, тәтті иісін иіскегенде бәрін ұмыттым. Шала туғандықтан, өте кішкентай болды. Шүкір, қазір 2,5 келіге дейін салмақ жинадық. Мені қолдаған жақындарыма, дәрігерлеріме алғысым шексіз», - дейді келіншек.
Науқас 7,5 ай бойы дәрігерлердің жіті бақылауында болған. Білікті мамандар, профессорлар қосылып, 7 мәрте консилиум құрған. Келіншекке жүктілік те, босану да өлімге әкеп соқтыруы әбден мүмкін екені де ескертіліпті. Алайда, бала аңсаған батыл әйел айтқанынан қайтпаған.
«Өмірге деген талпынысы сондай, бұл кісі қайтсем де осы қиындықты жеңемін деп бел буып, тәуекелге барды. Сәуір айында біздің клиникамызға жатты. Жүктілік кезінде біз күткен барлық асқынулар болды. Біз кесарь тілігі арқылы ол кісіні босандыра алдық, салмағы 1650 грамм қыз бала дүниеге келді», - деді қалалық № 2 көпбейінді аурухана директорының орынбасары Ербол ӘУБӘКІРОВ.
Отадан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлай түскен. Бүйрегі істемей қалған кездер де болыпты. Астана медициналық университетінің профессорлары, қалалық нефрология ұжымы және №2 көпбейінді ауруханасының ақ желеңділері күн-түн демей жанында жүріп, дауа іздеген. Қазір азаматша өзін жақсы сезінемін дейді. Жағдайы орташа қалыпты деп бағаланып отыр.
Ақ халаттылардың сөзінше, шала туылған нәрестенің қазір жағдайы жақсы. Арнайы жүргізілген ем-дом мен бір айлық тамақтандырудың арқасында салмақ та жинаған. Сәбидің барлық өмірлік көрсеткіштері қалыпты дейді дәрігерлер.
Бүгін анасы мен қызы үйіне шығарылды. Кішкентай Ясминді жақындары карантиннің кесірінен бір ай бойы көрмеген. Ал анасы денсаулығы жараса, қызының артынан ерер сіңлі-бауырларын дүниеге әкелуге ниетті.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтан