Cүт безі қатерлі ісігі: СҚО-да науқастар саны артқан

15.02.2024 20:54

Облыс бойынша онкологиялық есепте шамамен 11 мың адам тіркелген

Фото: elements.envato.com

СҚО онкологиялық дертпен сырқаттану бойынша көшбасшылардың қатарында тұр. Аймақта сүт безі қатерлі ісігімен ауыратын науқастардың саны өсіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үш баланың анасы Ақнұр Абдуллаева қауіпті дертке шалдыққанын небәрі 1,5 ай бұрын білген. Оған сүт безі қатерлі ісігінің 1-дәрежесі диагнозы қойылған. Жақында жас ана күрделі операцияны бастан кешіріп, қазір оңалтудан өтіп жатыр. Ол «бастысы дерттің асқынуына жол бермей, алғашқы күндерден бастап мамандарға жүгіну» керек дейді.

– Мамандарға дер кезінде барып, көріну керек. Ең бастысы, уақытты өткізіп алмау. Тексеріл десе, дәрігерге шұғыл түрде барыңыз. Ең болмағанда, маммологқа жарты жылда бір рет көрінген жөн. 20 жастан бастап қаралуға болады, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Ақнұр Абдуллаева.

Елена Сайбель де қатерлі ісікті уақытылы анықтап үлгерген. Ол да скринингке дер кезінде өткен. 46 жастағы науқас онкологиялық дертке шалдығамын деп еш ойламаған. Кейіннен науқастың отбасында мұндай дерт табылған бірнеше адам бар екені белгілі болды.

– Қатерлі ісіктің 1-дәрежесі деп айтты. Бір-екі күн есеңгіреп, өз-өзіме келе алмадым. Әрі қарай емдеу керек деп шештім. Бірақ денсаулығыма қатысты ешқандай шағым болған жоқ. Әрине, ісікті өздігіңмен таппайсың, байқалмайды, сондықтан тексерілу керек, – деді облыс тұрғыны Елена Сайбель.

Сала мамандарының мәліметінше, өткен жылы сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан Солтүстік Қазақстан тұрғындарының саны едәуір өсті. 2023 жылы қауіпті диагноз 272 әйелде анықталды, ал бір жыл бұрын 187 жағдай расталған болатын. Онкологтар науқастар санының күрт көбейгенін неоплазмалардың белсенділігімен байланыстырып отыр.

– Бізде көптеген скринингтік бағдарламалар бар, сүт безі қатерлі ісігін анықтауға бағытталған технология көп. Қазіргі таңда өсу тенденциясын байқап отырмыз. 18-20 жас және 80-90 жас аралығындағы науқастар да бар. Бірақ көбіне ересектер шалдыққан. Алайда барлық жастағы адамдар ауруға бейім, – деді онколог Рафаэль Ризаев.

Қазір облыс бойынша онкологиялық есепте шамамен 11 мың адам тіркелген. Олардың 2300-ге жуығы сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан. Қауіпті дерттің кесірінен былтыр 30 әйел қайтыс болды.

Әйкерім Пернебек, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО

Оқи отырыңыз: Алматыда жасөпірімнің жақ сүйегі мен бетіне ота жасалды