Алматыда «Ashyq» мобильді қосымшасын пилотты түрде енгізу жұмыстары басталды

04.03.2021 00:33

Алматыдағы мектептер дәстүрлі оқу форматына көшіріле бастайды

Almaty.tv

Алматыда «Ashyq» мобильді қосымшасын пилотты түрде енгізу жұмыстары басталды. Осындай қаулыға шаһардың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қол қойды. Енді фитнес-клубтар, SPA-орталықтар, сауналар мен компьютерлік клубтарға, боулинг орталықтарына аталған қосымша арқылы ғана кіруге болады. Бағдарлама өзін-өзі оқшаулау режимін бұзатын адамдарды анықтауға арналған, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ashyq» мобильді қосымшасы пилоттық негізде жұмыс істей бастағандықтан, әзірге қаладағы 27 нысанға орнатылды. Келушілерді қоғамдық тамақтану орындары, SPA және сауналар QR-кодтар арқылы қабылдауды бастап кеткен. Кәсіпкерлер қосымшаны қолдану клиенттердің де, қызметкерлердің де денсаулығын қорғау үшін тиімді дейді.

«Бұл жобаға біз де белсенді қатысамыз деп шештік. Өйткені ең алдымен біз өзімізді қорғағымыз келеді. Қосымшаны қызметкерлеріміз жұмысқа кірісерде міндетті түрде қолданады. Ал келушілерге біз кіре берісте ескертеміз. Әзірге мәртебесі қызыл немесе сары түс шыққан адам кездескен жоқ», – деді сауна кешенінің басқарушысы Мақпал Талдыбаева.

«Ashyq» мобильді қосымшасын пайдалану үшін алдымен бағдарламаны телефонға жүктеу керек. Сосын оған жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, ілініп тұрған QR кодты сканерлеу жеткілікті. Бірер секундтан кейін экранға өзіңізге тиесілі мәртебе туралы ақпарат шығады.

QR-кодтағы көк түс – келуші ПТР-тесттін тапсырмаған деген сөз, яғни науқастармен болмаған деп есептеледі. Ал жасыл түс – ПТР-тестті теріс нәтиже көрсеткен адамдарда шығады. Сол сияқты сары түс – керісінше, науқас адамдармен байланыста болған адамдарды білдіреді.  Ал қызыл түс болса,  ПТР нәтижесі оң нәтиже көрсеткен адамдарды анықтайды. Демек, келушінің мәртебесі соңғы екі түске сәйкес келетін болса онда ол нысанға жіберілмейді.

Осы ретте кәсіпкерлер клиенттерді қосымшаны жүктеуге мәжбүрлемейміз дейді. Ал мамандар халық өздерінің дербес деректері ешқайда берілмейтінін, ол үшін алаңдамаса болатынын айтады. Жалпы бағдарлама өзін-өзі оқшаулау режимін бұзатын адамдарды анықтауға әрі мекемелердің жұмыс режимін бақылауға мүмкіндік береді.

«Алматы қаласында соңғы бір аптаның арасында қарап шыққан кезде 32 адам өздерінің көрсетілген мекенжайында тұрмағаны анықталды. Олар осы вирусты тасымалдаушы болды. Екіншіден, 70 оқиғада олар осы карантин режимін бұзғаны анықталды», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.

Қазір қосымшаны ел бойынша 16 мыңға жуық адам жүктеп үлгерген. Бұдан бөлек бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес мектептерден басқа жоғары оқу орындары мен колледждердің 1-ші курс студенттеріне штаттық оқу жүйесіне көшуге және жатақханаларда тұруларына рұқсат берілді.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы