Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов айтты
Алматының онкологиялық орталығында қатерлі ісікке шалдыққан 15 мыңға жуық науқас ем қабылдады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биылғы жылдың 9 айында Алматы онкологиялық орталығында 14615 науқас емделді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1359 науқасқа көп.
Хирургиялық бөлімдерде 2000-ға жуық ота жасалды, олардың 50%-дан астамында бейнеэндоскопиялық техника қолданылды, бұл пациенттің ауруханада болу ұзақтығын қысқартып, операциядан кейінгі кезеңді жеңілдетеді.
Тәулік бойы және күндізгі стационар жағдайында 12 061 науқас химиятерапиялық ем қабылдады. 24 мыңнан астам КТ және МРТ сәулелі зерттеуі жүргізілді. 793 онконауқасқа сәулелі терапия емі жүргізілді.
Алматылықтар сәулелі терапия емін АҚШ-та жасалған жоғары энергетикалық желілік үдеткіш көмегімен алатынын естеріңізге саламыз.
Бұл құрылғы сау тіндерді қозғамай, иондалған бөлшектер шоғын ісіктің өзіне тікелей бағыттауға мүмкіндік береді.
«Процедура ауырсынусыз өтеді. Сәулелендіру сеансының өзі небәрі екі минутты алады, ал қалған уақыт пациентті әртүрлі арнайы құрылғылардың (фиксаторлар, маскалар) көмегімен емдеу үстеліне жатқызуға, содан кейін ем жасалатын аймаққа сәулені бағыттауға және процедураның сапалы жүргізілуін бақылауға кетеді. Айта кететіні, сапаны бақылаумен ТМД елдеріндегі ең үздік ұжымдардың бірі – медициналық физиктер айналысады. Сондай-ақ, осы желілік үдеткішті қолданысқа енгізгелі бері, қала тұрғындары үшін сәулелік терапияға кезек пен орташа күту уақытын қысқартуға мүмкіндік бергенін ерекше атап өткім келеді. Біздің бөлімде күн сайын 80-ге жуық алматылық ем алады», - деді Нұрсұлтан Ізбағамбетов.