Ондағы мақсат – шалғайда түратын тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету
Бүгін №2 қалалық емхана дәрігерлері Медеу ауданындағы Кеңсай ықшамауданының тұрғындарына медициналық көмек көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таңғы 8-де басталған акцияға Медеу ауданының тұрғындары ағылып кеп жатыр. Түске дейін-ақ 100-ге жуық тұрғын медициналық қызметке жүгінген. Бірі қан қысымын өлшетіп, енді бірі кардиологқа қаралып жатыр. Жылжымалы кешеннің ауданға арнайы келгеніне әсіресе, зейнеткерлер дән риза.
«Бүгін СПИД-ке, қандағы қант мөлшеріне, холестеринге талдау тапсырып жатырмыз. Көз дәрігері мен хирург көңілімізден шықты», – дейді қария.
«Менің қанымдағы қант мөлшерін өлшеді. Әрі қарай қайда баратынымды түсіндірді, көп рахмет», – деді тағы бір зейнеткер.
Мамандар тұрғындардың денсаулығын тексеріп қана қоймай, түрлі сұрақтарына жауап беруде. Мобильді топ құрамындағы білікті мамандар бірінші кезекте балалар мен аналардың денсаулығын жақсарту мен нығайтуға айрықша көңіл бөлуде. Медициналық шара аясында иммундық тапшылық вирусына тесттен өту, қант деңгейін анықтау, рентгенге түсу сынды тексеру түрлері қамтылған.
«Бұл жерде бізде кардиолог, невропатолог, окулист дәрігерлері, хирург бар. Сондай-ақ қан құрамындағы холестерин мен қантты тексеріп жатырмыз. Ал, СПИД орталығынан келген мамандар экспресс тест алуда», – деді Алматы қаласы №2 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Мадина ӘДІШЕВА.
Айта кетейін, қала әкімінің бастамасымен «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында қолға алынып отырған Денсаулық айлығының мақсаты – шалғайда түратын тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету. Тамызда басталған акция айдың соңына дейін жалғасады. Яғни, жылжымалы кешендер бір ай бойы барлық ауданды аралап шығады.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Рашид Шүкірәлиев, Алматы телеарнасы