Қазақстандықтар желіде жариялаған МӘМС жүйесіне қарсы онлайн-петиция 11 мыңнан аса қол жинады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарсылық танытушылар жалақыдан міндетті түрде алынатын соманың жиналмауы әділетсіздік деп санайды. Оған қоса, ем іздеп келгенде айлап кезек күтуге мәжбүр болған халық ақылы емханалардың есігін қағудан басқа амал жоқ дейді.
– Халық оның пайдасын көріп жатқан жоқ. Ақшасын төлеп жатырмыз, пайдасы жоқ, – деді қала тұрғыны.
– Ауруханаға барғанда бәрібір ақша сұрайды. Ақылы бөлімге жатып, емделіп жүрміз. МӘМС адамдардың игілігіне жарау керек қой, – деді қала тұрғыны.
– Көп күтіп қаламыз. Сондықтан жеке емханаларға барамыз, – деді қала тұрғыны.
– МӘМС жүйесінде кемшіліктер бар. Бірақ адамдар өздері талап етуі керек, – деді қала тұрғыны.
МӘМС жүйесінің жиі сынға ұшырайтыны жасырын емес. Жақында желі қолданушылары жариялаған петиция – соның бір дәлелі. Наразылық авторлары көрсеткендей, медициналық сақтандыруға ақша аударылғанымен, көптеген қызмет қолжетімді емес. Сондай-ақ қордан қаражат алса да, науқастарға ақылы қызмет көрсететін жеке емханалар жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.
– Тегін сақтандырудың артында ақысын төлеп отырған адамдар бар. Жарналар мен аударымдардан жылына 200 мың теңге түссе, ота 3-4 миллион теңге болуы мүмкін. Қалғанын ортақ медициналық сақтандыру жүйесінің басқа қатысушылары төледі деген сөз, – деді қалалық Клиникалар қауымдастығының атқарушы директоры Расул Дүйсенов.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медициналық сақтандыру тізіміне: дәрігерлерден кеңес алу, диагностика, сараптама тапсыру, оңалту, ота сынды қызмет түрлері қарастырылған. Бірақ косметология және пластикалық хирургия қызметтері мен халықтың жекелеген санаттарына стоматологиялық көмек көрсету жүйеге кірмейді.
– Көптеген қызметтің бәрін тегін форматқа өткізді. Ол бір жағынан МӘМС-ке адамдарды тартудың жарнамасы деп есептесе болады. Екіншіден, сол жасалған нәрселер МӘМС-ке өте үлкен жүктеме артты. Сондықтан адамдарға ол қаражат жетпей жатыр, – деді ҚР ПІБ МО ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаев.
МӘМС жүйесі іске қосылғалы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе өсті. Жүйе іске қосылғанға дейін, 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шамамен 1 трлн теңге бөлінсе, өткен жылы халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Кей сарапшылар жеке емханалардың бұл жүйеге қатысуына қатысты өзгерістер енгізу керек екенін айтты.
– МӘМС жүйесіне қатысатын емханалардың ақылы қызмет көрсетуге құқығы болмауы керек. Себебі бітпейтін кезектің кесірінен көпшілік үшін мұндай емханаға бару мүмкін емес. Қолжетімділік әдетте нөлдік деңгейде. Екіншіден, ол қызметке қол жеткізгеннің өзінде медициналық көмектің сапасы қандай болатыны беймәлім, – деді невропатолог Қайырғали Көнеев.
МӘМС жүйесі жинақтаушы шот емес екенін де ескеру керек. Яғни медициналық ұйымдарға бас сұқпаған азаматтардың жарналары көмекке мұқтаж жандарға төленіп кетеді. Ал сіз пайдаланылмаған қаражатыңызды ала алмайсыз.
– Ақша ортақ шотқа жиналған кезде, ол көрсеткіштерге сәйкес әр адам үшін жұмыс істейді. Қорға түсетін ақша, түптеп келгенде Ұлттық банкке түседі. Олар ай сайын Ұлттық банктен медициналық ұйымдардың шоттарына аударылатын болады, – деді қалалық «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Өткен жылы Мәжілісте азаматтардың қаражаты қайда және қандай мақсатта жұмсалғанын білу керек деген ой айтылғанымен, бұл сұрақ сол күйі өз шешімін таппады. Қор қызметкерлері МӘМС жүйесінің кезең-кезеңімен жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Нақты қалай жүзеге асып, жалғасын табатыны – уақыт еншісінде.
Жансая Олжабек, Аида Иманәлі, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Донор тапшы: Орган трансплантациясынан үмітті 4000-ға жуық науқас кезекте тұр