Алматыда балалар нейрохирургтері бас қосты

18.07.2019 20:17

Алматыда балалар нейрохирургиясын дамытуға әлеует зор

Қазіргі уақытта еліміздегі демографиялық жағдайдың жақсаруы, сонымен бірге көші-қон үрдістеріне орай жылдан жылға Алматы қаласында жаңа туған сәбилер саны артып келеді. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Әйтсе де, сол сәбилердің арасында туа біткен даму кемістіктері, сирек аурулар, соның ішінде бас миы қан тамырларының артериалды аневризмдері, гидроцефалия, сал ауруы (ДЦП), мидың түрлі ісіктері, онко-гематологиялық және кардио-ревматологиялық аурулар да жиі ұшырасуда. Қаншама сәбилер туа салысымен нейрохирургиялық көмекке мұқтаж. Сондықтан 15-шілдеде Алматы қаласындағы балаларға арналған №2 қалалық клиникалық ауруханасы мен Shashkin Clinic заманауи неврология және нейрореабилитация клиникасы нейрохирургия бойынша I білім беру курсын өткізді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Курс барысында жоғарыда аталған балалар ауруының пайда болу себептері, әлемдік нейрохирургияда оларға диагноз қою мен балалар нейрохирургиясының  өзекті мәселелері және емдеудің инновациялық әдіс-тәсілдері талқыланды. Осы аталған сұрақтар бүгін әдістеріне арналған білім беру курсында талқыланды. Курс спикері - жетекші нейрохирург, Тель-Авив медициналық орталығының балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің директоры, жаңа туылған сәбилердің бас миы және жұлын ісігін зерттеу саласы маманы профессор Шломи Константини.

Алдымен сөз алған Shashkin Clinic заманауи неврология және нейрореабилитация клиникасының директоры Ч.С.Шашкин қазақстандық нейрохирургтардың нейрохирургияның ең өзекті мәселелеріне қатысты соңғы ақпаратқа елден шықпай-ақ қол жеткізулеріне өз септігін тигізуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Алматыда балалар нейрохирургиясын дамытуға әлеует зор.

«Өңірлердегі нейрохирургия қызметін дамыту қажет, бұл өте маңызды. Адамдар ем қабылдау үшін басқа жақтарға бармауы тиіс. Өйткені кейбір науқас балаларды тасымалдауға тыйым салынады. Оларға шұғыл көмек, тіпті ота жасау керек болуы да мүмкін. Ондайды санитарлық авиацияны күтпей, емді бастау қажет. Сол себепті Алматыдағы балалар ауруханасы негізінде жаңа технологияны қолдану арқылы бұрын-соңды жүргізілмеген операцияларды, соның ішінде спастика хирургиясын, эпилепсия хирургиясын жүргізе алатындай жағдай болуы керек. Ол үшін алдымен балалар нейрохирургтарының командасын жинау шарт. Бұл қазір ауадай қажет. Себебі Қазақстанда ондай науқастар өте көп, және де оларды емдеу үшін қазақстандықтар шетелге баруға мәжбүр. Өйткені Нұр-Сұлтандағы бір ғана Нейрохирургия орталығы балалар нейрохирургиясына қатысты елдегі сұранысты өтей алмайды. Сол себепті біз осы білім беру курсын ашып отырмыз, біз осы арқылы мамандарды дайындаймыз. Қазақ медициналық үздіксіз біліме беру университеті бұл үшін көп іс атқарып жатыр, аталған білім беру курсы да соған дәлел бола алады. Алматының әлеуеті зор, қала оңтүстік-шығыс өңірде нейрхирургиялық қызмет көрсету хабына айнала алады» – дейді Shashkin Clinic заманауи неврология және нейрореабилитация клиникасының директоры  Ч.С.Шашкин.

Ал, Алматыдағы №2 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері М.Р. Рабандияров болса қазақстандық нейрохирургиядағы жаңа бағыт – ми қан тамырлары ауруларын емдеу, пышақсыз хирургия, эндоваскулярлық емдеу екенін айтты.

«Сонымен бірге жаңа әдістер, жаңа бағыттардың қатарында аномалды гидроцефалияның күрделі түрлерін эндоскопиялық емдеу де бар екенін айта кеткен жөн. ОЖЖ ісіктерін ауру ошағын миллиметрге дейін дәл көрсететін нейронавигациялық құрылғыларды қолдану арқылы емдеу де – медицинадағы үлкен бағыттардың бірі. Эпилепсия хирургиясы, ДЦП хирургиясын дамыту да жоспарда бар. Алматыдағы балаларға арналған №2 қалалық клиникалық ауруханасының мақсаты – балалар арасындағы мүгедектікті азайту», – деді М.Р. Рабандияров.  

Нейрохирургия курсын ұйымдастырушылар шараны жыл сайын жүйелі түрде өткізуді, онда өзге де диагноздарды талқылауды, әлемдік нейрохирургияның көптеген спикерлері мен профессорларын шақыруды жоспарлап отыр. Бұл қадам тек Алматыдағы емес, сонымен бірге күллі қазақстандық нейрохирургияның дамуына айтарлықтай үлесін тигізері сөзсіз.