Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 100 мыңнан асты. Оның ішінде 25 мыңнан көп науқас ем қабылдап жатыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуы бойынша Түркістаннан басқа барлық өңірде инфекцияның репродуктивтілік көрсеткіші төмендеген. Сондай-ақ, ол Қазақстан ПТР диагностикамен қамту бойынша әлемде 37-орында тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Елдегі ауырғандар көрсеткіші өзгертіліп, тіркелген жағдайлар саны артты. Бүгінгі күні Қазақстан әлемде 43-орында тұр. Анықталған пациенттердің дер уақытында өзін-өзі оқшаулауы, амбулаториялық және стационарлық емдеумен қамту, сонымен қатар, байланыста болған адамдарды бақылауға алу аурудың таралуын төмендетуге, жағдайы ауыр науқастарды бақылауға алуға мүмкіндік берді. Қазақстан дер кезінде диагностикалаудың нәтижесінде Covid-19-дан қаза тапқандар көрсеткіші бойынша 70-орында тұр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Ал, Премьер-министр Асқар Мамин Мемлекеттік комиссияның қарауына карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын енгізуді тапсырды. Оның айтуы бойынша, ауруханалардың жүктемесі 61 және жедел жәрдем шақыру 62 пайызға төмендеген.
«Жалпы қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде еліміздегі коронавирустың таралуы деңгейі және осыған байланысты барлық көрсеткіштер қарқынды төмендеуі тіркеліп отыр... Қалыптастып отырған эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып Денсаулық сақтау министрлігіне карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын мемлекеттік комиссия қарауына бейсенбі күні енгізуді тапсырамын», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.