Алматыда онкологиялық науқастарды емдеу үшін цифрлық инновациялық жүйе орнатылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңа жүйе радиотерапия сеансының уақытын айтарлықтай қысқартады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда онкологиялық науқастарды емдеуге арналған цифрлық инновациялық жүйе орнатылды. Науқастарды нүктелік нысаналы сәулемен емдеуге арналған бағдарлама Орта Азия елдерінде енді қолжетімді. АҚШ-та жасалған қолданыстағы желілік үдеткіш Алматы онкологиялық орталығына 2019 жылы пайдалануға берілген. Мамандар оған соңғы сандық жүйенің орнатылуы маңызды революциялық жетістік деп атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өңеш онкологиясына шалдығып, терапиядан өтіп жатқанына 17 күн болған Данияр Қожахметов – жаңа енгізілген жүйемен алғаш ем алатындардың бірі. Ол еліміздегі мұндай жаңашылдықтардың науқастарға үлкен қолдау екенін айтады.

– Сәулелену кезеңінен өтіп жатырмын. Маған шетелге барғанша, елімізде емделуге кеңес берді. Бізде де жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген және білікті дәрігерлер жетерлік. Енді инновациялық жүйемен емделемін. Алда тағы 13 процедура бар. Бәрі жақсы болып, толық сауығып кетемін деп үміттемін, – деді науқас Данияр Қожахметов.

Жүйе науқастың тыныс алуын бақылай алады және оның қозғалысына сәйкес сәуленің бағытын автоматты түрде реттейді. Бұл сәулелік терапия кезінде ісіктің орналасуын бақылауға мүмкіндік береді.

– Ісікке тура бағыттайтын жүйенің арқасында науқастардың сауығып кету ықтималдылығы жоғарылай түседі деген үміттеміз. Бірақ ол науқастардың аурудың қай кезеңінде ем алуға келгеніне тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. Егер бастапқы кезеңде келсе, 90-95 пайыз сауығып кету мүмкіндігі бар. Ал кезеңі жоғарылаған сайын, ықтималдылығы төмендей береді, – деді Алматы онкологиялық орталығы сәулелік терапия бөлімінің меңгерушісі Евгений Ишкинин.

– Дұрыс бағыттау арқылы айналасында орналасқан сау тіндердің зақымданбауын қамтамасыз етеді. Бұл жаңа орналастырылған жүйе кеуде, сүт безі, өкпе және бас-ми ісігінде жүргізіледі, – деді сәулелік терапевт Гүлжайна Қалдарбекова.

Әлемнің жетекші онкологиялық орталықтарында ғана қолданылатын жүйені енгізуге қала әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы мұрындық болған. Мамандардың айтуынша, елімізде қатерлі ісікке шалдыққан адамдардың саны өспесе, азаймай тұр. Сондай-ақ жас көрсеткішінің төмендеп жатқаны тағы бар.

Алматы онкологиялық орталығының сәулелік терапия бөлімінде күн сайын 100-ге жуық онкологиялық науқас ем алады. Аталған жүйемен емдеу әдісі олар үшін өте маңызды. Себебі жаңа жүйе радиотерапия сеансының уақытын айтарлықтай қысқартады.

Жүйе желілік үдеткішпен толығымен біріктірілген, бұл процедура кезінде әр миллиметрді дәлдікпен бақылауға мүмкіндік береді. Жаңа орнатылған бағдарлама емдеу жоспарын дайындауды да жылдамдатады.

Жансая Олжабек, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Думан шағынауданында емхана салынады

Новости партнеров