Қазақстан ауылдарында аурухана салу үшін 200 миллиард теңге жұмсалмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстанның 200-ден астам ауылында медициналық нысан жоқ. Сонымен қатар, жедел көмек көрсететін ғимараттарда инфрақұрылымның 50 пайыздан астамы тозып кеткен. Елді мекендердегі медицинаның жай-күйін бүгін Ажар Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде айтты. Министрдің сөзінше, қазір ауылдарда 67 мың маман тер төгіп жатыр. Оның өзі жеткіліксіз екен.
Алыс шалғайдағы ағайын басы ауырып, балтыры сыздаса аудан орталығына сабылу керек. Елдегі 200-ден көп елді мекендерде бүйірің бүріп ауырғанда жедел қызмет көрсететін ғимарат жетіспейді. Бар болған күннің өзінде 50 пайыздан астамының инфрақұрылымы тозып кеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші қыркүйекте дәл осы проблеманы айтып, салаға жауапты ведомствоға ауылды жерлерде 655 медициналық нысан тұрғызуды тапсырған болатын. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ғимараттарды салу үшін 200 миллиард теңге жұмсалады дейді. Ведомство алдын ала есеп жүргізіп, ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша ұлттық пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін дәл осындай қаражат керек деп шешіпті. Құрылыс аяқталғаннан кейін ауылдық жерлерде тұратын 1 миллионға жуық адамды алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады екен.
«Сонымен қатар, айта кету керек 32 көп бейінді орталық аурухананы жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады. Оның ішінде қолданыстағы 12 нысанды жаңарту, ары қарай жетілдіру. 20 аурухананы орталық ауруханалардың деңгейіне жеткізу қажет», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Министрдің айтуынша, ауылдық жерлерде 67 мың дәрігер жұмыс істеп жатса да, 1 мыңға жуық маман тапшы. Осы күні өңірлерге кадр тарту мақсатында баспана алу жолы жеңілдеп, 1500 айлық есептік көрсеткіш ретінде көмек берілсе, жалақыларына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақылар қарастырылыпты. Бірақ жас маман медициналық мамандықты игерген соң, 3 жыл міндетті түрде сала бойынша жұмыс істеу керек.
«Биыл ауылдық елді мекендерге медициналық білімі бар 797 жас маман барады. Бұл жерде ауылдарда кадрды бекіту маңызды мәселе. Келген маманға әлеуметтік қолдау қажет. Сол бойынша министрлік әрбір әкімдікпен жұмысты жалғастырып жатыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Аса жауапкершілікті талап ететін маман иелерін ауылдық жерлерге тарту күн тәртібінде тұрған бірінші мәселе. Себебі алыс-шалғай жерлерде профилактика, аурудың алдын алу, динамикалық бақылау сапасы төмен, созылмалы аурулары бар пациенттерге консультациялық-диагностикалық қызметтер мен дәрі-дәрмек қажетті деңгейде жетіспейді.Министр көрсеткен сандарға сенсек, биылғы алты айда өткен жылмен салыстырғанда бала туу көрсеткіші 15 пайызға төмендеген. Ал нәресте өлімі 6,8 пайыз өсті. Жазатайым оқиға, жарақат және уланудың өлім-жітімі 2,4 пайыз көтеріліпті. Айта кетейін, Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі жолдауында ауыл халқының медициналық көмекке сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық жобаны іске асыру қажет екенін айтты.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан