Балалар арасындағы көкжөтелге не себеп

25.03.2024 17:33

14 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында дерттің 392 жағдайы тіркелді

elements.envato.com

Қазақстанда көкжөтел бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай сақталуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ведомстваның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

14 жасқа дейінгі балалардың арасында көкжөтелдің 392 жағдайы тіркелді. Оның 90%-дан астамы 5 жасқа дейінгі балалар арасында байқалып отыр.

«Көкжөтел жағдайдарының көбеюі ұжымдық иммунитеттің төмендеуімен байланысты. Ол ауа тамшылары арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, науқаспен сөйлескенде таралады. Инфекцияның көзі – екпе алмаған балалар. Вакциналау – инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы. Жоспарлы екпені тұрғылықты мекенжай бойынша емханадан алуға болады», - деп жазды министрлік.

Алдымен балада жалпы суық тиюдің белгілері болады: мұрыннан су ағады, дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болады. Бірте-бірте жөтел күшейіп, ұстама тәрізді болады және бірнеше рет қайталанады. Ол асқынған жағдайда өкпенің қабынуы, мидың қабынуы секілді салдарға әкеледі.

Көкжөтелмен ауыратын науқастарды емдеуге арналған арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Көкжөтелге қарсы екпе баланың 2 айлығынан бастап, 3 және 4 айлығында үш рет салынады. Сондай-ақ, 1,5 және 6 жасар балаларға ревакциналау жүргізіледі.

Айта кетейік, республикада 2 жасқа дейінгі балаларды иммундау үшін аралас бес және алты компонентті вакциналар, 6 жастағы балалар үшін – Еуропада өндірілген үш компонентті вакцина (Санофи Пастер С.А., Франция) пайдаланылады.

Оқи отырыңыз: Алматы мен Ярославль дәрігерлері жоғары біліктілігін көрсетті