Қарағанды облысында тұрғындар аядай емханада ем алуға мәжбүр

14.08.2024 21:02

Самарқан ауылдық округінде 1100 тұрғын бар

Almaty.tv

Қарағанды облысына қарасты Самарқан ауылдық округінде тұрғындар аядай емханада ем алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жұмагүл Әлкеева 26 жыл бойы Самарқан ауылдық округінде медбике болып жұмыс істеп келеді. Дәрігер болмаса да ауыл тұрғындарына қолдан келгенше ем көрсетіп жүрген ол 2 жыл бұрын елдімекендегі емхананың отқа оранғанын қинала еске алады. Ғимарат сол күйі жарамсыз болып қалған. Әкімдік ауылдағы бір үйді ретке келтіріп, емхананы уақытша көшірген.

– Уақытша осы амбулаторияда жұмыс істеп жатырмыз. Акушер кабинеті, ар жағында екпе егеміз, – деді медбике Жұмагүл Әлкеева.

1100 тұрғыны бар елдімекен 2 бөлмеде ем алады. Ауыл аудан орталығынан 100, қаладан 40 шақырым жерде орналасқан. Үлкен кісілерге қатынау қиын. Былтыр жаңа емхананың құрылысы басталған.

– Ескі емханаға 60 жылдан асты. Десек те, емханада емнің барлық түрі болса, жеке кабинет ашылса деп армандаймыз, – деді Самарқан ауылдық округінің тұрғыны Мәрия Арынқызы.

Жаңа дәрігерлік амбулатория жыл соңына дейін аяқталмақ. Орналасқан орны ыңғайлы, аумағы кең, көлемі ескі емханадан айтарлықтай үлкен болмақ.

– Қазіргі таңда емхананың іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілді. Кәріз жүйесі ретке келтірілуде. Электр құрылғылары тартылды. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Жаңа білікті мамандар келеді деген үміттеміз, – деді Самарқан ауылдық округінің әкімі Жасұлан Көшек.

Айрықша атап өту керек, аймақ бойынша 92 емдеу нысаны бой көтереді. Оның 42-сі биыл ел игілігіне беріледі деген жоспар бар. Бұл мақсатқа қазынадан 14 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған.

Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды облысы

Оқи отырыңыз: Интернет-алаяқтық: Астанада қылмыскерлерден мыңнан аса sim-карта табылды