Алматыда дәрігерлер хиджама жасатқан әйелді өлімнен арашалап қалды

Алматыда дәрігерлер хиджама жасатқан әйелді өлімнен арашалап қалды
Алматыда хиджама жасатқан әйел өлім аузынан қалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Арам қанын алдырмақ болған келіншектің дәстүрлі емес медицинаға жүгінгенін дәрігерлер оның арқасындағы іздерден байқаған.Ал гемоглобині 20-ға бірақ түсіп кеткен науқасты ақ халаттылар әрең дегенде аман алып қалды, деп хабарлайды Almaty.kz.

Жалпы, хиджаманы кімдер жасайды, қан алдыру үшін нені ескеру керек?

«Бізге жақын арада №7 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне 55 жастағы әйел азаматы «өте ауыр түрдегі анемия» деген диагнозбен түсті. Бізге алып келген кезде гемоглобині 20 болды. Қандай себептен бұлай болды деп сұрау барысында әйел айтқысы келмеген еді. Кейін денесін қарағанымызда арқасындағы тілімдерді көрдік. Сонда анықтағанымыздай, ол кісі хиджама жасатқан болып шықты», – деді Алматы қалалық №7 аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Есенай БАҚЫТЖАНҰЛЫ.

Дәрігердің айтуынша, өлім аузынан қалған әйел бас ауруынан және жоғары қан қысымынан арылу үшін хиджама жасатқан. Бір рет қан алдырған соң өзін жақсы сезінген ол бір апта ішінде 3 рет барыпты. Ақыры бесінші рет арқасынан қан шығарғаннан кейін орнынан тұра алмай, ауыр халде ауруханаға түседі. Оған ақ халаттылар 1 литр қан құйып жатып, жанын аман алып қалыпты.

«Меніңше, негізінде қан шығару әдісімен медициналық білімі бар дәрігерлер айналысуы керек. Науқас келген кезде оны алдымен тексеріп, не үшін мұндай шешімге келгенін сұрап, оған бола ма, болмай ма, гемоглобині қанша, психикалық ауру емес пе, анемия емес пе, жүкті емес пе, ісік ауруына шалдықпаған ба, солардың бәрін анықтап, тексеріп барып қана қан шығарған дұрыс болар еді», – деді Есенай БАҚЫТЖАНҰЛЫ.

Есенай Бақытжанұлы бұған дейін де хиджамадан соң жансақтау бөліміне түскен талай науқастың болғанын айтты. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары да хиджаманы медициналық білімі бар дәрігерлер жасау керек дегенді алға тартып отыр. Себебі, қан шығаруды дұрыс жасамаса, түрлі инфекциялар жұқтырып алу қаупі зор. Ал бұл ем түрі дәстүрлі емес медицинаға жататындықтан, онымен айналысатындарға арнайы лицензия да берілмейді.

«Ешкім қадағаламайды, бірақ бізге арыз-шағым түскен жағдайда, біз жеке тұлғаны полицияға бере аламыз. Ал заңды тұлға болса, тексеріс жүргізуге мүмкіндігіміз бар. Хиджаманы тек бір рет қана қолданылатын банка, ұстарамен жасамаған жағдайда, С, Б гепатиттерін, ВИЧ сияқты түрлі қауіпті инфекциялық ауруларды жұқтыру ықтималдығы өте жоғары болады», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Анель МҰСАЕВА.

Хиджаманы «сүннет» деп санайтын Нұрлан Нәбиолла бұл ем түрін жасаумен 3 жылдан бері айналысады. Айтуынша, қан шығару кезінде адам бойындағы қан алмасу жақсарып, барлық жасушалары жаңарады. Ағзаға оттегі мен нәрлі заттар тарайды екен. Тек оны білімді әрі білікті адам жасауы шарт.

«Мына клиенттерді енді осылай жатқызып, арқасынан, басынан бақайына дейінгі 220-дан астам нүктесін тауып, қажетті емін жасаймыз. Әрбір адамның өзіне арналған, бір реттік қолдануға жарайтын банкасын өзіне ұстатып, спирт шашып, өзіне тағы бір тазалатып аламыз. Ал жалпы, хиджаманың пайдасы өте көп: адамның иммунитетін көтереді, суығын алады, арам қандарды шығарады. Одан ешқандай зиян болмайды, қайта дұрыс жасалған хиджаманың пайдасы көп болады», – деді хаджам Нұрлан НӘБИОЛЛА.

Хиджаманы қан қысымы төмен, егде жастағы, аурудан енді айыққан, қант диабеті, бүйрек ауруына шалдыққандарға және жүктіліктің алғашқы 4 айына дейін жасатуға болмайды екен. Бүгінде көрінгеннің хиджама жасайтынын тілге тиек еткен ақ халаттылар опық жеп қалмас үшін алдымен хаджамның немесе сол клиниканың жұмысын зерттеп барып, қан алдыруға кеңес береді.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Валерий Таубалдиев, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров