Қала тұрғындары мен қонақтары маманның кеңесін алып, алғашқы тері тексеруінен өте алады
Дүниежүзілік меланома және тері қатерлі ісігімен күрес күні аясында Алматының онкологиялық орталығында (Папанин көшесі, 220, Литер А) 26 мамырда сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін тері обырын ерте анықтау бойынша Ашық есік күні өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Қала тұрғындары мен қонақтары маманның кеңесін алып, алғашқы тері тексеруінен өте алады.
Алматыда жыл сайын мыңға жуық жаңа жағдай анықталса, 3,5 мыңға жуық адам тері қатерлі ісігі диагнозымен Алматы онкологиялық орталығында есепте тұр.
Онколог Ерлан Әсетілланың айтуынша, қатерлі ісіктің бұл түрі тез және агрессивті дамуымен ерекшеленеді.
Біріктірілген және кешенді емдеудің заманауи әдістері осындай ауыр сырқатпен тиімді күресуге, онкологтың ерте диагностиканы анықтауына, ауруды бастапқы кезеңде емдеуге үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ерлан Әсетілла тері қатерлі ісігі бастапқы кезеңінде ісіктің пайда болуы немесе бар меңнің түсі, өлшемі мен пішінінің өзгеруі сияқты белгілерінен көрінетінін айтты.
Сондай-ақ, науқас түзілім аймағында қышу, ауырсыну және жану сезіміне шағымдануы мүмкін.
Онколог бірқатар бейімді факторларды атады: шамадан тыс инсаляция немесе күн сәулелерінің белсенді әсер етуі, тұқым қуалаушылық, белгілі бір фототиптегі сепкілдер, тері мен көздің ашық түсі, денеде көптеген меңнің (невус) орын алуы.
Маман денсаулығын ойлайтын адамдарды меңдерге тиісті назар аударуды сұрады.
Оның айтуынша, егер адамның бетінде және денесінде жаңа невус пайда болса немесе бар меңдерінің түсі, пішіні өзгере бастаса немесе көлемі ұлғая бастаса, дәрігердің кеңесі қажет.
Сондай-ақ, ұзақ уақыт жазылмайтын жаралар мен қан кететін немесе әдеттен тыс сұйықтық ағып кететін меңдер болса, олардың құрылымы өзгерсе, қышып, ауырсынған немесе ұю орын алған болса, оған мән беру керек.