Алматы еліміз бойынша жаңа туған сәбидің өлімі жағынан 6-орында тұр екен

30.10.2019 21:06

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырды

Ауруханадағы ұзын-сонар кезек пен қағазбастылық шаршатқанын жазыпты. Бұл туралы кеше қалаға іс-сапармен келген ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысының сынынан кейін үйлестіру кеңесінің мүшелері бас қосып, денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы еліміз бойынша жаңа туған сәбидің өлімі жағынан 6- орында тұр екен. Заманауи құралдармен жабдықталу да көңіл көншітпейді. Оның үстіне дәрігерлерге шамадан тыс ауыртпашылық түсетін көрінеді. Мәселен, бір акушер күн сайын кем дегенде 15 ананы босандырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді тез арада жоюды тапсырды.

«Осы жылы ана мен баланың өлімі көбейген. Медициналық ғимараттарда материалдық техниканың жетіспеушілігі әлі де бар. Дәрігерлік-санитарлық көмек 62 пайызға, жедел-жәрдем стансалары 74 пайызға қамтылған. Қалада корпоративтік басқару жүйесін енгізу баяу жүріп жатыр. Бұл - аталған салада жемқорлықтың болуы мүмкін дегенді білдіреді», - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Президент айтқан кемшіліктерді қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар жоққа шығармайды. Бүгінгі жиын да сол олқылықтың орнын толтыруға арналды. Материалдық техникалардың жетіспеушілігі, ана мен бала өлімінің көбейіп кетуі және дәрігерлердің біліктілігі. Үйлестіру кеңесінің мүшелері қаладағы денсаулық сақтау саласындағы аталған проблемаларды шешу жолдарын қарастырды. Маңызды басқосуға елімізідң денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров және мегаполистегі медициналық мекемелердің басшылары қатысты.

«Біз мұндай жиынды жылына бір рет дәстүрлі түрде өткізіп тұрамыз. Кездесуде медицина саласындағы барлық мәселелер көтеріліп, кемшіліктер ашық айтылады. Атқарылмай жатқан жұмыстар болса, оны да талқылап, шешу жолдарын қарастырамыз. Менің ойымша медицина саласындағы мамандардың біліктілігін арттырып, осы салаға жастарды көптеп тарту керек», - деді.     ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат АҚТАЕВА

Мамандардың сөзінше, қала әкімдігінің мұрындық болуымен биыл 7 дәрігерлік амбулатория ашылған. Жыл соңына дейін тағы үшеуі жұмысын бастамақ. Жалпы биыл мен келесі жылы 35 шағын емхана ашу жоспарланыпты. Қазір қосымша, 156 жалпы-тәжірибелік дәрігерлердің учаскелері жұмыс істеп тұр. Ал, медициналық мекемелердің техникалық жабдықтарын жаңартуға келесі жылы 60 миллиард теңге бөлінеді. Тоғыз айдың жұмысын қорытындылай келе, халықтың денсаулық индекаторына қол жеткіздік деп сендірді жауаптылар.

«Жыл басында біз бақылау кеңесін жаңартқан болатынбыз. Оның құрамына дәрігерлердің өздері кірген еді. Яғни, бас дәрігерлер мен оның орынбасарлары. Шаруашылық қаржыны дұрыс пайдаланбағаннан кейін олардың жұмысы тоқтады. Енді биыл қаладағы 45 медициналық мекемесінде аталған топты қайта құрдық. Жаңа құрамға блогерлер, журналистер, заңгерлер мен экономистер кіреді», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Жанар МӘДИЕВА.

Корпоративтік басқару кеңесінің жұмысы медициналық мекемедегі қызметті қадағалау. Яғни, науқастарға сапалы қызмет керсетуі ісін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, жемқорлықты болдырмауға ат салысады. Жауаптылар медицина саласының дамыту жоспарын да әзірлеп қойған екен. Үш жылдық жоспарда корпоративтік басқару жүйесі және медициналық мекемелердің жабдықталуы іспеттес бірқатар мәселлер қарастырылған. Бұл жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Өмір Әнуарбек, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы»  телеарнасы