Орталық емделушілерді 15 қарашадан бастап қабылдайды
Медициналық мекеме қалалық жеке меншік клиникалардың бірінде жұмыс істейтін болады. Жаңадан ашылған орталық науқастарды квота бойынша және алдағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында да қабылдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде елімізде қант диабетіне шалдыққан 300 мыңнан астам адам тіркеуде бар. Олардың ішінде 30 мыңға жуығы Алматы қаласының тұрғындары екен. Ал, жаңадан ашылған диабет орталығының стационары 30 орынға шақталған. Мұнда ай сайын жүз науқасты қабылдап, жалпы жыл соңына дейін мыңнан астам адамды емдеу жоспарланып отыр. Жаңа жылдан бастап мекемеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі де іске қосылмақ.
«Біздің елімізде 350 000 адам қант диабетімен ауырады, сондықтан оның алдын алу мен емдеуді ұйымдастыруға тырысамыз. Бұл орталық қант диабетінің алдын алуды мақсат етеді. Сонымен қатар асқынуына да тосқауыл қоймаса болмайды. Науқастарды қандай да бір себеппен басқа емханалар қабылдамаса, олар біздің клиникаға қаралуларына мүмкіндіктері бар. Диабет ауруына шалдыққандар мүгедек есебінде десе де болады және олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында әлдеқайда тезірек көмек ала алады», – деді медициналық клиниканың басшысы Жанай АҚАНОВ.
Қант диабеті ауруы қазіргі таңда әлеуметтік мәселеге де айналып отыр. Күн санап, диабет ауруына шалдығатындар саны көбеюде, ал дәрігерлер бұл аурудың емделу жолы ұзаққа созылатынын айтады. Тіпті, аурудың салдарынан науқас мүгедектікке ұшыраса, мемлекет тарапынан қаржылай да көмек көрсетіледі екен. Десе де, дәрігерлер аталмыш аурудың алдын алуға тырысады.
«Қант диабеті – бүгінде тек медициналық проблема ғана емес, әлеуметтік мәселе. Әлеуметтік дейтін себебіміз оған шалдыққан науқастардың көбісі мүгедек болып қалады. Көзі көрмей қалады, аяқтары кесіліп, бүйрек ауыстыру қажет болады. Ондай жағдайлар бар, біз оны ашық айтуымыз керек. Сондықтан да біз осы қант диабеті орталығын ашып отырмыз», – деді ҚР Диабетті зерттеу қоғамының президенті, профессор Жангентхан АБЫЛАЙҰЛЫ.
Науқастардың көбісі өздерінің бұл ауруға шалдыққандығы туралы біле бермейді. Тек, қан талдауы нәтижиесінде ғана кездейсоқ және өте кеш біліп жатады. Қазіргі таңда бұл аурудың емі «инсуллин» дәрісі болып отыр. Ал, қала дәріханаларында аталмыш дәрінің бағасы шарықтап тұрғаны науқастарды қатты қынжылтады. 19 жыл бойы осы аурумен күресіп келе жатқан Тимур Галеев ашылған орталықтың дәрі-дәрмекті тегін беруде көмегі мол дейді.
«Мен осы орталықтың ашылғанына өте қуаныштымын. Сайттан бұл хабарламаны көргенде, сенер-сенбесімді білмедім. Осындай орталықтардың көбірек болғаны жақсы. Ал, мұндай орталықтар науқастарды емдейді және қант диабеті туралы толық ақпарат береді. Себебі, көп адамдар өздері шалдыққан ауруы жайында біле бермейді», – деді ТИМУР ГАЛЕЕВ
Орталықта қант диабетін емдеумен қатар, кешенді емдеу жұмыстары да жүзеге асырылмақ. Диабетологпен бірге науқасты невропатолог, кардиолог, отоляринголог, УДЗ мамандары да қадағалайды. Айта кетелік, орталық қарашаның 15-і күні алғашқы емделушілерді қабылдау жұмысын бастамақ. Жыл соңына дейін «қант диабеті» диагнозымен ауыратын 50-ге жуық адамды квота бойынша емдеу жұмыстары жоспарланып отыр.
Аяулым Көлжігіт, Рашит Шукуралиев, «Алматы» телеарнасы.