Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын жүрек» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

18.06.2021 21:22

Мемлекет басшысы бұл туынды аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген отандастарымыздың ынтымағы мен бірлігін көрсететінін атап өтті

Акорда

Елордада медицина қызметкерлерінің құрметіне «Алтын жүрек» ескерткіші тұрғызылды. Оның ашылу рәсіміне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Мемлекет басшысы бұл туынды аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген отандастарымыздың ынтымағы мен бірлігін көрсететінін атап өтті. Айта кетейік, дәрігерлерге арнап ескерткіш орнату туралы тапсырманы былтыр «Біз біргеміз» жалпыұлттық онлайн-форумында берген еді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады. 

Коронавирус індетіне қарсы күреске зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арнап тұрғызылған «Алтын жүрек» ескерткіші елорданың сол жағалауында орналасқан. Туындының ашылуына Президент арнайы келіп, салтанатты лентаны қиып, ескерткішке гүл шоғын қойды.

Елімізде денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болған. Олардың жанкешті еңбегі қандай болсын құрметке лайық деп Президент медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған ынталандыру шараларын қабылданған еді.  

«Халықтың ыстық ықыласының белгісі. Коронавируспен күреске атсалысқан дәрігерлерге төленетін тек үстемеақы мен сақтандыру жәрдемақылары үшін 180 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Үкімет биылғы қазан айына дейін төлемақы беруді жалғастыру үшін осы мақсатқа қосымша 71,5 млрд теңге бөледі. Біз дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыруды бастадық. Бұл үрдіс жалғаса береді», − деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың тиімді жүйесін құру маңыздылығына назар аударды. Ақ халатты абзал  жандардың қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағын енгізуді ұсынды. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Оның көлемін Үкімет белгілейді. Алайда Президент тек қаржылай ынталандырудың жеткіліксіз екенін айтты.

«Медицина қызметкерлерінің моральдық және заңдық жауапкершілігі артып келеді. Азаматтар тарапынан қойылатын талап та жоғары. Көптеген маман қысымға шыдамай, кәсіби тұрғыдан қажып, денсаулық сақтау саласынан бас тартуда. Өкінішке қарай, бұл алаңдатарлық жағдай. Аталған үрдіс елімізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондай-ақ бүкіл әлемде бес миллионнан астам дәрігер жетіспейді. Осы орайда медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын біртіндеп күшейту қажет», − деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде дәрігерлер де еңбектерінің еленіп жатқанын айтады. Қиын қыстау уақытта қолдау танытқан халық пен билікке алғыстары шексіз.

«Әрине, бізге оңай болған жоқ. Қаншама қиыншылықтар болды. Бірақ дер кезінде мемлекет тарапынан медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмектер қамтамасыз етілді. Біз мемлекет қолдауын сезіндік. Осындай керемет саябақтың ашылуы «Асыл жүрек» монументінің ашылуы біздерге үлкен мәртебе», − деді инфекционист-дәрігер Эльмира Әдішев.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын жүрек» ескерткіші орналасқан саябақты «Дәрігерлер аллеясы» деп атауды ұсынды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласындағы №103 қалалық емханаға барды. Нысанның соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталуы ауруды дер кезінде анықтап, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. «Салауатты Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты жаңа амбулаториялық-емханалық кешен бір ауысымда 500 адамды қабылдайды. Тұрғындарға 23 сала бойынша алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі. Президент медициналық орталықтың ұжымына жедел жәрдем көлігін алуға сертификат табыстады.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы