Алматының №7 клиникалық ауруханасында тұңғыш рет иық буынының қызметін ауыстыру отасы жасалды. Франция мен Ресейден келген мамандар алматылық әріптестеріне шеберлік класын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шетелдің травматологтары протез қою арқылы қолдың жұмыс істеу кеңістігін ұлғайтып, оны бұрынғы қалпына келтіруге тырысты. Енді мұндай операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жиі жасалатын болады. Дәрігерлер сұраныстың көптігіне байланысты ауруханада эндопротездеуді енгізу қажеттігін алға тартты.
«Науқастың жасы 35-те, буынның жұмыс істемеуі салдарынан ота жасайын деп жатырмыз. 5 жыл бұрын жарақат алған. Содан бері 4 рет ота жасалған. Соның салдарынан қолы істемей қалған. Біздің ауруханада жасалып жатқан оталардың барлығы ОСМС-ке кіреді», – деді № 7 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің травматолог дәрігері Жасұлан АРҒЫНБАЕВ.
«Мен Алматыға эндопротездеудің жаңа тәсілін енгізу үшін келдім. Ота егде жастағы, денсаулығы сыр білдірген, анатомиясы өзгерген жандарға жасалды. Бұл ота буыны шығып кеткен науқастарда операциядан кейін қиындықтар туындамас үшін жасалады», – деді француз ортопеді Патрик ВИАЛЕ.