Алматыда республикалық ревматологиялық орталық ашылады

13.05.2022 21:56

Бұл туралы Қазақ ревматология алқасының президенті Ғалымжан Тоғызбаев айтты

Almaty.tv

Алматыда республикалық ревматологиялық орталық ашылады. Бұл туралы Қазақ ревматология алқасының президенті Ғалымжан Тоғызбаев бүгін өткен VI Еуразиялық ревматологтар конгресінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Игі бастама Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау тауып, қазір оны жүзеге асыру мәселелері талқыланып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты Қазақстанда бұл саланы дамыту. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің мамандары қатысқан жиында білім мен ғылым жағынан тәжірибе алмасу көзделіп отыр.

«Осы жиыннан кейін жаңа орталық ашылады. Жаңа технологияларды елге кіргіземіз. Енді мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, халықты тегін емдеуге мүмкіндік туады. Жаңа технологиялар ревматоидты артрит ауруларын емдейді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас ревматологы Ғалымжан Тоғызбаев.

Алқалы жиынға Еуропа мен Азия елдерінің жетекші профессорлары да онлайн қатысып, тәжірибелерін бөлісті. Отандық ревматологтар кадр даярлау мәселесіне ерекше тоқталды. Өйткені, қазір елімізде иммундық-қабыну ревматикалық аурулары бар 861 мың 178 пациент тіркелген екен. Ал оларды емдейтін дәрігерлер аз. Ұйымдастырушылардың сөзінше, республикалық ревматологиялық орталықтың іске қосылуы – маман тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.

«Бірінші – бізде мамандар жетіспейді. Екінші – бұл өте күрделі ауру. Ол үшін үлкен зерделі зертханалар керек. Өйткені, ол бір нәрсемен біте қоймайды», – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Жүсіп.

Теги: ДСМ