Барлық жедел жәрдем бригадалары түгел гаджетпен қамтылған
Алматыдағы медициналық жәдел жәрдем қызметінде шұғыл қоңыраулар бойынша күту уақыты енді 9 минуттан аспайды. Бұл жаңадан іске қосылған Ахуалдық орталықтың арқасында жүзеге асып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Диспетчерлер тек қоңырау қабылдап қана қоймай, бірнеше секунд ішінде бригадаларды бөледі, сонымен қатар жедел жәрдем көліктері үшін ыңғайлы бағыттар жасайды.
«Жұмыс екі кезеңнен тұрады. Қоңырау қабылдайтын диспетчерлер алынған ақпаратты өңдеп, оның қай санатқа жататынын анықтайды. Содан кейін қоңырау түскен жерге жақын жердегі бригаданы тауып, қандай дәрігерді жіберу керектігін шешеді. Яғни, барлық мәлімет осы жерде өңделеді», – дейді ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының» директоры Ғалымжан ӘБІЛОВ.
Бұдан былай дәрігерлер тіпті қаламсап пен қағаз алып, құжат толтырудан да құтылады. Науқас туралы деректер енді планшеттің көмегімен бір дерекқорға енгізіледі. Алматыдағы барлық жедел жәрдем бригадалары түгел гаджетпен қамтылған.
«Планшетке енгізілетін мәліметтер бірден қоңырауларды бақылап отыратын біздің диспетчерлерге келіп түседі. Олар науқастың жағдайын анықтап, қаладағы кептелістерді ескере отырып, қай ауруханаға жеткізу керектігін дереу реттейді. Яғни, мұның барлығы планшеттен алынған деректерге сәйкес автоматты түрде жасалады», – дейді ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының» директоры Ғалымжан ӘБІЛОВ.