Денсаулық төлқұжатын бір миллионға жуық азамат алып үлгерген

Денсаулық төлқұжатын бір миллионға жуық азамат алып үлгерген
Енді емханаға амбулаторлық карта мен талдамаларды апарудың қажеті жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде электрондық денсаулық төлқұжаты іске қосылғалы оны бір миллионға жуық азамат алып үлгерген. Бұл мәліметті Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев берді. Оның сөзінше, енді қазақстандықтар емханаға үйден шықпай жатып тіркелу, дәрігерге жазылу, ем-домы жайлы қандай да бір ақпарды алу, талдамаларымен таныса алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Көптен күткен цифрлық сервистің бета-нұсқасы «Электронды үкімет» порталында жұмыс істейді. Алайда, пилоттық жоба аталғанымен, Денсаулық сақтау министрлігінде қазір Электронды денсаулық төлқұжаты толық негізде жұмыс істеп жатыр. Кез келген азамат «egov» порталына кіріп, өзінің 2012 жылдан бергі бүкіл медициналық тарихын көре алады.

«Толық нұсқа дегеніміз әрі қарай мәліметтердің көбеюі деп санаймыз. Қазірдің өзінде ол толық нұсқа деп саналады. Бірақ әрі қарай мәлімет көбейе кетеді. Мысалы азаматтың балалары немен ауырады? Олар қандай екпе қабылдаған, сондай мәліметтерді көбейткіміз келіп тұр», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас ӘБІШЕВ.

Бұдан бөлек, азаматтар төлқұжатына ата-анасын да қосып, олардың денсаулығын қадағалай алады. Мәселен, жақынына қойылған диагноздарды, қандағы қант мөлшерін, артериалды қысымын, яғни динамикалық көрсеткіштерін бақылап отыруға әбден болады. Осылайша, қандай да бір қауіпті дерттердің алдын алуға мүмкіндік туады дейді мамандар.  Электонды цифрлы қолтаңбамен пайдаланғысы келмейтіндер үшін де бірнеше әдіс қарастырылған. Мәселен, колл-орталыққа хабарласып, кез келген ақпарды алып, түрлі медициналық қызмет түрін пайдалануға болады. Ол үшін 1414 нөміріне қоңырау шалу қажет. Смартфонды пайдалана алмайтын қариялар мен шалғайда жатқан елдімекендердің тұрғындары да электрондық денсаулық төлқұжатын пайдалануына барынша мүмкіндік қарастырылған.

Бұдан былай емханаға жүгінерде амбулаторлық карта мен бүкіл талдамаларды арқалап жүрудің қажеті жоқ. Қолыңызда жеке куәлігіңіз болса, жеткілікті. Ондағы штрихкод арқылы денсаулығыңызға қатысты бүкіл мәліметті табуға болады.

«Азаматтың штрих-коды бойынша емдейтін дәрігер немесе жедел жәрдем қызметі оның қандай аурумен ауыратынын біле алады. Себебі егер жедел мәліметке қол жеткізсе, медициналық қызметті тезірек көрсете алады», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас ӘБІШЕВ.

Жаңа жылдан бастап, электронды денсаулық паспорты онлайн режимде жаңартылып отыратын болады. Бұ, ең алдымен медицинаның ашықтығы мен мемлекет шығындарының жариялылығын қамтамасыз етпек.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров