Алматының нейрохирург мамандары 35 жастағы науқастың басына күрделі ота жасап, миындағы ісікті алып тастады деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Орталық қалалық клиникалық аурухана нейрохирургтары алғаш рет фармакорезистенттік эпилепсиясы бар науқасқа өте күрделі ота жасады - мидың самай бөлігінің резекциясымен сол жақ амигдалохиппокампэктомия.
Науқас аталған дертпен 20 жасынан ауырған. Соңғы уақытта оған ұстамаға қарсы дәрмектер көмектеспейтін болған. Жағдай ушығып, жиі талып қалады.
Дәрігерлер барлық қажетті тексеру жүргізіп, МРТ көмегімен науқастың миының сол жақ самай бөлігінде эпилептиформды белсенділіктің ошағын анықтады.
Нейрохирургия бөлімішесінің меңгерушісі Марат Алматов Новосибирсктен келген нейрохирург Александр Дмитриевпен бірлесе отырып, шеберлікпен алмасу аясында, нейронавигация және ми қыртысын тікелей жазу арқылы электрокортикография көмегімен науқастың сол жақ гиппокампын микрохирургиялық жолмен алып тастау операциясын жасады.
- Диаметрі 3*3 см болатын үлкен оң жақ маңдай бөлігіндегі эпилептогенді ошақты алып тастадық. Ота науқаста неврологиялық жетіспеушілік туындатпай, сәтті өтті. Отадан кейін науқаста эпилептикалық ұстама тіркелмеді. Жасалған ота науқастың өмір сүру сапасын жақсартады деп үміттенеміз, - дейді Марат Алматов.
Миға ота жасау, жалпы бас сүйекті ашу күрделі шешім екені белгілі. Бұндай ота кезінде әрдайым тәукел де жоғары болады.
Алматовтың айтуы бойынша, эпилепсия - кеңінен таралған және өте күрделі неврологиялық ауру, ол ми бөліктеріне үлкен зақым келтіреді.
Ауру патогенезі мидың нейрондарында ұстаманы тудыратын пароксизмальды разрядтарға негізделген.
Аурудың себебі толығымен зерттелмеген, эпилепсия туа біткен, ми құрылымындағы өзгерістерге негізделуі мүмкін немесе бас-ми жарақатын алған науқастарда пайда болуы мүмкін.
Науқасқа кұрделі ота МӘМС шеңберінде жасалды.
Оқи отырыңыз: Алматылық дәрігерлер роботтың көмегімен ерекше ота жасады