Айжан Есмағамбетова комиссия шешімін түсіндірді
Алматының Орталық аруханасында ВИЧ жұқтыру дерегі бойынша комиссияның қорытынды шешімі шықты. Науқастардың бұл кеселді қан құю кезінде жұқтырмағаны анықталды. «Жыныстық жолмен таралуы мүмкін» деген нұсқаны да дәрігерлер жоққа шығарып отыр. Бүгін еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова шулы оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар Қарағанды облысында оннан астам бала уланған әлеуметтік орталықтың медицина қызметкерлері жұмыстарына оралып жатыр. Осы күні 10 дәрігер қызметтеріне кірісіпті. Ал бөлім меңгерушісі мен психиатр дәрігер жұмыстан шеттетілген.
Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова комиссия шешімін түсіндірді. Оның айтуынша, ВИЧ індетін жұқтырған науқас Орталық клиникалық ауруханада емделген және ауру сол адамнан таралуы мүмкін. Алғашында оны тексеру кезінде вирус сынамасы күмәнді нәтиже берген. Екі аптадан кейін науқас қайта тексерілуі керек болған. Алайда осы уақыт аралығында ол басқа індеттен көз жұмған. Бас санитар дәрігер вирус медициналық шараларды жүргізу кезінде таралуы мүмкін деп болжап отыр.
– 4 адамда, яғни қайтыс болған науқас пен емделген 3 адамда 100% сәйкестікпен бірдей вирус түрі анықталды. Демек, індеттің бір адамнан тарағанын, оған аурухана ішіндегі іс-шаралар себеп болғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл жағдай медициналық инвазивті манипуляциялар кезінде медицина қызметкерлерінің операциялық процедура стандарттарын дұрыс орындамауынан болуы мүмкін. Бұдан бөлек, жанама факторлар да анықталды. Медицина персоналының қызметіне тиісті бақылау жасалмағаны белгілі болды, – деді Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова.
Айжан Есмағамбетова науқастардың ауруды қалай жұқтырғанын анықтау үшін 700 пациент тексерілген деп отыр. 230 медициналық ұйымның қызметкері мен 11 донордан да қан сынамасы алынған. Олардың барлығынан инфекция анықталмапты. Ал Қарағанды облысында 10-нан астам бала уланған орталықтың дәрігерлері жұмыстарына оралып жатыр. 10 дәрігер қызметіне қайта кірісіпті. Тек бөлім меңгерушісі мен психиатр жұмыстан шеттетілген. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің айтуынша, қазір улы затты анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.
– Ереже бойынша сот-медициналық сараптама айтарлықтай ұзақ уақытты алады. Қорытындысы 1 айдан кейін не одан да ұзақ мерзімде белгілі болуы мүмкін. Ол қандай аралық нәтижелер алынатыны, қандай сарапшыларды тарту қажет болатыны, қосымша тексерулерге байланысты шешіледі, – деді Айжан Есмағамбетова.
Сонымен қатар биыл елімізде қызылша ауруын жұқтыру фактісі көбейіпті. Айжан Есмағамбетованың есебі бойынша, биыл 3 мыңнан астам адамнан аталған ауру анықталыпты. Дертті жұқтырғандардың 72 пайызы балалар екен. Олар кеселден қорғайтын вакцина қабылдамаған.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Коронавирустың жаңа штамы тарауда: Қазақстанда шектеу енгізіле ме