Неміс мамандарымен бірлескен ота жасалды
Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухананың ортопед - травматолог мамандары 60 жастағы әйелге аса күрделі ота жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі аурухнаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қимыл-тірек жүйесіндегі дерт салдарынан ауыр кеселге душар болған. Оның үзілген буыны дұрыс бітпей, асық жілік шыбығы жансызданып, сал бола бастаған деген диагноз қойылды.
Ота Германияның Гессен және Марбург унивеситеттік клиникасының профессоры Рейнер Шнеттлердің қатысуымен өткен шеберлік сабағы барысында жасалды.
№7 аурухананың травматология және ортопедия бөлімшелерінде соңғы үлгідегі ревизиондық протездер алғаш рет орнатылып отыр. Жаңа технологияны әлемде тәжірибеге профессор Шнеттлер әріптестерімен бірге қолданысқа енгізген.
Тізе буынын ревизиялық эндопротездеу – эндопротез бөліктерін ауыстыруға арналған ота. Ота кезінде протездің тұрақсыз, зақымдалған немесе өзгеріске ұшыраған бөліктері алып тасталып, орнына жаңасы орнатылады. Эндопротез тізе буынының зақымдану деңгейіне, буындардың жағдайына және тағы да басқа факторларға қарай таңдалады.
Сәтті жасалған ота нәтижесінде науқас қалыпты өмірге оралып, ауырсынудан арылып, өз бетінше жүріп-тұра алады. Бұрын мұндай науқастар мүгедектік арбасына таңылатын. Қазіргі заманауи импланттардың озық технологиялар арқасында оларды аяққа тұрғызуға мүмкіндік бар.
- Тізе пішіні бұзылып, 4-дәрежелі артрозбен ауыратын науқас бір жыл бұрын өзі тұратын өңірде тізе буынына ота жасатқан. Аяққа эндопротез орнатылған, бірақ 3-4 айдан кейін ауыр жарақат алып, жамбас сүйегі кондициясы сынып, тізенің қапталындағы буын үзілген. Салдарынан протез орнынан қозғалып кетіп, қатты ауырсыну сезімі пайда болған. Бірнеше емдеу мекемесінің табалдырығын тоздырып, ақырында жетінші аурухананы таңдапты. Пациентке жаңа заманауи эндопротез орнату туралы ұсыныс жасадық. Себебі бұл жерде сүйек құрылымының жетіспеушілігі, буын аппаратының зақымдануы сынды ауыр диагноздар бар. Мұндай жағдайда кәдімгі протездер жарамсыз, - дейді аурухананың ортохирургия бөлімшесі меңгерушісі Арнат Байзақов.
Аурудың бұл түрі өте күрделі. Себебі қайта жасалған операция күрделі саналады.
- Бірақ біз әріптестермен бірлесе отырып ойдағы нәтижеге қол жеткіздік. Инновациялық DX жүйесін қолдана отырып пациенттің сол жақ тізе буынын алмастырдық. Ота 1,5 сағатқа созылды, науқас көп қан да жоғалтқан жоқ (шамамен 200-250 мл). Пациент Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны. Бізге портал арқылы жатқызылды, жоғары технологиялы көмек МӘМС қаражаты есебінен көрсетілді, - деп атап өтті Арнат Байзақов.
Дәрігердің айтуынша, қазір ол белсенді қимыл-қозғалыс пен ерте реабилитацияға дайындалып жатыр. Науқас оңалту шарасынан бөлімше ішінде өтеді.
Тәжірибелі дәрігерлердің біліктілігінің, инновациялық технологиялар мен ауруханадағы қондырғылардың арқасында ота сәтті шығып, науқас қалыпты өмір сүруге қайта мүмкіндік алды.
Оқи отырыңыз: Жетісу ауданының 30 мың тұрғыны жаңа емханаға тіркеледі