Қалалық ревматологиялық орталық - Алматы қаласы бойынша және Қазақстан Республикасының барлық өңірінен келген пациенттерге мамандандырылған ревматологиялық көмек көрсететін елдегі жалғыз монопрофильді медициналық ұйым, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Мұнда осы сала бойынша консультациялық-диагностикалық, стационарды алмастыратын және жоспарлы стационарлық медициналық көмек көрсетіледі.
Қала әкімдігі мен ҚДСБ тапсырмасы бойынша Қалалық ревматологиялық орталық қазіргі таңда жаңа мекенжай бойынша жұмыс істейді (Масанчи көшесі, 92, Құрманғазы көшесінің қиылысы.)
Енді дәрігерлер қабылдауды, пациенттерді стационарлық емдеуді қала орталығында жаңадан жөнделген, кең ғимаратта жүзеге асырады.
Ғимараттың кеңеюінің арқасында стационарлық төсек қоры, сондай-ақ пациенттерді қабылдау екі есеге жуық өсті және күніне шамамен 200 консультацияны құрайтын болды.
Ауруханада 5 құрылымдық бөлімше жұмыс істейді, соның ішінде тәулік бойы болатын 120 төсек-орындық стационар және күндізгі стационардың 20 төсек-орны бар.
Бұл орталық Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ревматология кафедрасының, сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ішкі аурулар кафедрасының және Республикалық жоғары медициналық колледжінің клиникалық базасы болып табылады.
Биыл орталықтың құрылғанына 15 жыл толды. Атаулы күн қарсаңында 30 маусым мен 1 шілдеде Қазақстан ревматологтарының VII Жазғы мектебінің "Қазіргі ревматология мәселелері және оларды клиникалық практикада шешу жолдары" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы 10 жылда ревматологиялық ауруы бар науқас санының тұрақты өсуі байқалады, осы аурумен диспансерлік есепке алынған пациенттер саны 3 есе өсті.
Ревматологиялық ауруды емдеу заман ағымымен қатар дамып келеді. Қаланың емханалары кепілдендірілген тегін көмек деңгейінде халықты ревматологиялық аурулары бар науқастар үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді.
Мұның бәрі ревматологиялық қызметтің маңыздылығын көрсетеді. Пациенттердің осы санатын уақтылы кешенді емдеу өмір сүру ұзақтығын арттыруға, мүгедектікке әкелетін нәтижелер мен ауыр асқынуларды болдырмауға, еңбекке қабілеттілікті қалпына келтіруге және науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.