Елімізде 8800-ге жуық балаға аутизм диагнозы қойылған. Ал бейресми деректерге сүйенсек, бұл сандар едәуір көп, яғни 30 мыңнан астам баланың аутизмі бар. Осыны ескерген «Болашақ» қоры «Аманат» партиясының қолдауымен ерекше баласы бар ата-аналардың басын қосып, мотивациялық кеш өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шараға 70-тен аса ата-ана қатысты. Олар баланың ауыр диагнозын естігенде мойымаған ата-аналарға көмектескен ерік-жігері мықты адамдардың әңгімелерін тыңдады. Кездесу Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орай ұйымдастырылды.
«Аutism Talks» (аутизм толкс) - ерекше балалары бар ата-аналарды ынталандыру үшін ұйымдастырылған. Иә, бұл диагнозбен күресу ауыр әрі көп жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да біз бүгін сол қиындықтарды басынан кешіп, соңында жеңіп шыққан жандарды шақырып, өзге ата-аналар үшін үлгі етіп отырмыз. Аманат партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүздеген отбасы балаларын арнайы мектептерге апара алады», – деді «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан.
Қордың «Әрбір бала мектепке баруға лайықты» жобасы арқасында еліміздің мектептері мен балабақшалары үшін аутизмі бар балаларға инклюзивті білім беру моделі әзірленген. Бастама елдің 17 өңірінде қолдау тауып, 46 инклюзивті кабинет ашылды. Нәтижесінде менталдық бұзушылықтары бар 600-ден астам бала мектепке күнде баруға мүмкіндік алған.
«Болашақ» қорының арқасында балам мектепте бөлек өзінің тюторы бар, қасында көмектесетін. Мектепте инклюзия сыныбы бар, толығымен жабдықталған. Осындай көмектермен баламыз мектепте еркін оқи алады қазіргі кезде», – деді ата-ана Жалғас Әшірбеков.