Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 8 қызметкері мен 1 полиция өкілі қаңтар оқиғасы кезінде қызметін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл туралы Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінге дейін арнайы прокурорлар резонансты деңгейдегі 10 жағдайды тергеуге алған. Ал күш құрылымдарының жекелеген басшыларына қатысты тексеру амалдар әлі де жалғасып жатыр.
«Тергеудегі заңсыз әрекеттер туралы шағымдарды ерекше бақылауға алып тексерудеміз. Бүгінгі таңда прокуратураға 148 арыз түсті. Олардың негізінде лауазымды өкілеттігін асыра пайдалану, тергеу барысында қысым көрсету фактілері бойынша 105 қылмыстық іс қозғалды», – деді ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.
Ресми өкіл берген ақпарға сүйенсек, бүгінде барлық қылмыстық істер бойынша қаңтар оқиғасына қатысы бар деп танылған 733 адам қамауда отыр. Ал Алматы мен Алматы облысы, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы екі полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш департамент басшылары өз ғимараттарынан қару-жарақпен шығып кеткендіктен күдікті деп танылған.