Ресейлік әріптестер шеберлік сағатын өткізді
Алматылық дәрігерлер бірегей ота жасап, екі жасар сәбидің саусағындағы кемістікті жойды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Оңтүстік астанадағы №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының ортохирургтері Ресейдің Н.Пирогов атындағы Жоғары медициналық технологиялар клиникасы мамандарымен бірлескен шеберлік сабағы аясында күрделі ортопластикалық ота жасады.
Аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, сәби полидактилияның күрделі түрімен дүниеге келген. Оның оң қолындағы бас бармағы қосарланып кеткен. Мамандардың сөзіне сүйенсек, артық саусақты алып тастау оңай шаруа емес. Ол үшін қолдың эмбриологиясын жетік білу қажет. Оның үстіне, іштей кемістік салдарынан қосарланып кеткен бас бармақтың пішіні бұзылып, тым жіңішкеріп кеткен екі саусақтан бас бармақ жасау қажет болды.
Клиникада өткен бес күндік шеберлік сағаты барысында аяқ-қол кемістігімен туған немесе басқа да күрделі диагноз қойылған қазақстандық 5 балаға ота жасалды. Бірнеше сағатқа созылған күрделі операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен жасалды.
- Ресейлік әріптестер шеберлік сағатын өткізді. Оған Алматы, Павлодар, Қарағанды, Талдықорған, Алматы өңірлерінің балалар ортопедтері, ортохирургтер, анестизиологтар да қатысты. Күрделі ортопластикалық және қалпына келтіруге бағытталған оталарға қоса, көптеген балалар білікті маманнан кеңес алды, - дейді №2 ҚБКА директоры Марат Рабандияров.
Айта кетерлігі, операциялар жергілікті жансыздандырудың бірегей технологиясын қолдана отырып жасалды.
- Бұл технология барысында процесті толығымен УДЗ құралы арқылы бақылап отыру қажет. Ол жансыздандыру кезінде қолданылатын наркоз мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Бала тез есін жиып, наркоздың кері әсері азаяды. Бала операция залында оянады, - дейді аурухананың травматология бөлімшесі меңгерушісі Ерлан Садырбалин.
Оқи отырыңыз: Алматыда жүрекке шағын инвазивті ота жасалды