Павлодарлық дәрігерлер тері трансплантациясын жасап, күрделі ота жүргізді. Нәтижесінде хирургтар 76 жастағы қала тұрғынының аяғын сау күйінде сақтап қалды. Науқасқа МӘМС аясында тегін қызмет көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Павлодарлық зейнеткер Любовь Солнцева биыл мамырда аяғын жарақаттап, төсек тартып қалған. Созылмалы ауруына байланысты науқастың балтырында қан жиналып, салдарынан аяғы іріңдей бастапты. Аудандық аурухана қызметкерлері қолдан келгеннің барлығын жасаса да, тұрғынның жағдайы жақсармаған. Сол сәтте облыс орталығының дәрігерлері көмекке келіп, күрделі ота жасаған.
– Аяғымды мүлдем баса алмай қалдым. Ісіп кетті. Ал дәрігерлер ұқыпты, сыпайы және қамқор. Мені аяққа тұрғызу үшін жағдай жасап жатыр. Әлі-ақ жақсы болып кетемін деп сенемін, – деді емделуші Любовь Солнцева.
Жылдар бойы жиналған мол тәжірибе мен дәрігерлердің біліктілігінің арқасында Любовь Солнцева ампутациядан аман қалды. Ал дәрігерлер жара тазартылып, тері трансплантациясы сәтті жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ күрделі отаның дер кезінде жүргізілген.
– Жараның бетін дайындағаннан кейін, шамамен бір апта өткен соң, ота жасауға кірістік. Терінің және қан тамырларының тез бітіп кетуі үшін уақыт керек болды. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық, – деді комбустиолог дәрігер Асхат Мұрсәлімов.
Науқас палатаға ауыстырылды. Ол қайтадан күнделікті өмірге бейімделіп жатыр.
Айта кетейік, тері трансплантациясы кезінде жаңа инновациялық технология қолданылды. Мамандар Астана қаласындағы биотехнологиялық орталықтың қызметкерлерімен де бірлесе жұмыс істейді.
Еске салайық, күйік ауруын емдеу бөлімінің дәрігерлері күн сайын түрлі ауыр жарақатпен бетпе-бет кездеседі. Биыл көмекке 200-ге жуық адам сұраған.
Рүстем Айткәрім, Ризабек Ахметов, «Алматы» телеарнасы, Павлодардан
Оқи отырыңыз: Жүктілік кезіндегі ультрадыбыстық зерттеу зиян ба